Трамп Қытайға қатысты баж салығын төмендетуі мүмкін
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытаймен тиімді сауда қатынастарын сақтау үшін импорттық баж салығын төмендетуі мүмкін екенін мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытаймен тиімді сауда қатынастарын сақтау үшін импорттық баж салығын төмендетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол NBC News-ке берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бір сәтте мен оны(баж салығын) төмендетемін, әйтпесе біз олармен бизнес жүргізе алмаймыз, - деді Трамп.
Бірақ ол бұл істің нақты мерзімін атаған жоқ.
Президенттің айтуынша, Қытай экономикасы қазіргі уақытта күрделі жағдайға тап болған және Бейжің АҚШ-пен сауда қарым-қатынасын қалпына келтіруге мүдделі.
Еске сала кетейік, 2 сәуірде Трамп 185 ел мен аумақтың тауарларына 10% көлемінде әмбебап кедендік баж енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл баж салығы 5 сәуірде күшіне енді, ал бірқатар елдерге қатысты жеке мөлшерлемелер 9 сәуірден бастап қолданыла бастады. Қытай үшін тарифтер 125%-ға дейін көтерілді. Қытай жауабында 12 сәуірден бастап америкалық тауарларға қарсы өз тарифтерін де 125%-ға дейін арттырды.
Сонымен қатар, Қытай, Канада және Мексикаға қатысты фентанил контрабандасына қарсы күрестегі әлсіз әрекеттері үшін қосымша 20% баж енгізілген. Қытай өнімдеріне АҚШ-тағы жиынтық баж 145%-ға дейін жетіп отыр.