Трамп Қытайдан әкелінетін барлық тауарға 100% баж салығын енгізді
АҚШ президенті Дональд Трамп 1 қарашадан бастап Қытайдан импортталатын барлық тауарларға 100 пайыздық баж салығын енгізетіні туралы мәлімдеді. Бұл шешім туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Трамптың айтуынша, жаңа шаралар Қытайдың «сауда саласындағы өте агрессивті ұстанымына» жауап ретінде қабылданған. Сонымен қатар, АҚШ Қытайға бағдарламалық жасақтаманы экспорттауға шектеулер енгізеді.
Қытай билігі 1 қарашадан бастап өз елінде өндірілетін барлық өнімдердің экспортына шектеулер енгізуге дайындалып жатыр. Бұл – халықаралық сауда тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай, – деп жазды Трамп.
АҚШ әкімшілігінің шешімінен кейін Қытай тарапы әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Еске сала кетейік, 2025 жылы АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысы қайта ушығып, екі ел бір-біріне бірнеше рет тарифтік шектеулер енгізді. Тамыз айында тараптар 90 күндік «сауда тыныштығын» сақтау жөнінде уағдаласқан еді, алайда келісім ұзаққа созылмады.
Бұған дейін Бейжің сирек кездесетін жер металдарының экспортын бақылауды күшейткені туралы хабарланған. Бұл металдар – жоғары технологиялық өндірістер мен электроника саласында аса маңызды шикізат түрі.
АҚШ президенті осы шешімге жауап ретінде Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен АТЭС саммиті аясында өтеді деп жоспарланған кездесуге күмән келтірген болатын.
Қытай әлемдегі сирек жер металдарының басты жеткізушісі саналады, ал олардың экспортына шектеу қою жаһандық өндіріс тізбегіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін.