Трамп қоғамдық радиоға бөлінетін қаржыны бұғаттау туралы жарлыққа қол қойды

АҚШ президенті Дональд Трамп Қоғамдық телерадио қызметі (PBS) пен Ұлттық қоғамдық радио (NPR) ұйымдарына бөлінетін барлық федералдық қаржыландыруды тоқтатуға бағытталған жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.

Бейсенбі кешкісін жасаған мәлімдемесінде Трамп бұл ұйымдарды "біржақты және партиялық сипаттағы жаңалықтар таратумен" айналысады деп айыптады.

Жарлықта Қоғамдық телерадио корпорациясының (CPB) кеңесіне PBS пен NPR радиостанциялары арасында бөлінетін қаржыны "заң рұқсат еткен шекте барынша қысқартуға" нұсқау берілген. Сондай-ақ кеңеске бұл ұйымдарға алдағы уақытта да қаржы бөлуден бас тарту тапсырылған.

NPR мен PBS қандай көзқарастарды насихаттайтыны маңызды емес. Маңыздысы – бұл ұйымдардың ешқайсысы салық төлеушілерге оқиғалардың әділ, нақты әрі бейтарап көрінісін ұсынбайды, – делінген Трамптың жарлығында.

Ақ үйдің мәлімдеуінше, жаңалық тарататын ұйымдарды қаржыландыру “ескірген, қажетсіз және журналистік тәуелсіздікке нұқсан келтіреді”, ал қазіргі ақпараттық кеңістік әлдеқайда "алуан түрлі" болып кеткен.

Алайда, Қоғамдық телерадио корпорациясының бюджеті АҚШ Конгресі тарапынан 2027 жылға дейін бекітілген.

NPR радиосын апта сайын 40 миллионнан астам адам тыңдайды, ал PBS желісінің жергілікті арнасын ай сайын 36 миллион адам қарайды.

NPR басшысы Кэтрин Махер наурыз айында ұйым 2025 жылы CPB тарапынан шамамен 120 миллион доллар алады деп болжаған. Бұл – ұйымның жалпы бюджетінің 5 пайызынан аз.

PBS пен NPR бұрындары да Трамптың осындай әрекеттері туралы пікір білдіріп, қаржыны қысқарту сенімді жаңалық көздеріне тәуелді миллиондаған тұрғындар үшін, әсіресе төтенше жағдайлар кезінде, ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескерткен.

Ал "Шекарасыз тілшілер" (RSF) халықаралық ұйымы жұма күні АҚШ-та баспасөз еркіндігінің күрт нашарлағанын және Трамп билігі кезінде тәуелсіз журналистердің алдында кездеспеген кедергілер тұрғанын мәлімдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Джабин Ботсфорд/The Washington Post/Getty Images
Өзгелердің жаңалығы