Трамп пен Си Цзиньпин сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады
АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин телефон арқылы сөйлесіп, екіжақты сауда қатынастарын кеңейту мәселелеріне баса назар аударды. Бұл туралы Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Америкалық көшбасшының айтуынша, әңгіме "ұзақ әрі мазмұнды" болған. Тараптар сауда-саттықтан бөлек, әскери мәселелерді, Тайвань тақырыбын, Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты, Иран төңірегіндегі жағдайды, сондай-ақ Трамптың сәуір айына жоспарланған Қытайға сапарын талқылаған.
Сондай-ақ Қытайдың АҚШ тауарларын импорттау көлемін ұлғайту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, АҚШ-тан мұнай мен газ сатып алу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткізілімін кеңейту, соның ішінде соя бұршақтарын сатып алу көлемін биылғы маусымда 20 млн тоннаға, келесі маусымда 25 млн тоннаға дейін арттыру, сондай-ақ авиациялық қозғалтқыштарды жеткізу жайы сөз болды.
Дональд Трамп АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың, сондай-ақ өзінің Си Цзиньпинмен жеке байланысының "өте жақсы деңгейде" екенін атап өтті. Ол алдағы үш жыл ішінде екі елдің ынтымақтастығы "көптеген оң нәтижелер береді" деген сенімін білдірді.
Бұған дейін АҚШ пен Қытай басшыларының телефон арқылы сөйлескені туралы ҚХР Орталық теледидары да хабарлаған болатын.