Трамп пен Си Цзиньпинь кездесуі: Келіссөздердің негізгі тақырыптары қандай?
Келіссөздердің негізгі тақырыптарына Ирандағы жағдай, Тайвань мәселесі және АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастары енді.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин Бейжіңде жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізуде. Бұл Трамптың 2017 жылдан бергі Қытайға алғашқы сапары, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Келіссөздердің негізгі тақырыптарына Ирандағы жағдай, Тайвань мәселесі және АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастары енді.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары екі ел арасындағы геосаяси күш тепе-теңдігі өзгерген. Вашингтон Иран мәселесінде Қытайдың ықпалын пайдалануға мүдделі болса, Бейжің Таяу Шығыстағы серіктесі саналатын Тегеранды қолдаудан толықтай бас тартуға асықпайды.
Тараптар сирек жер металдарына қатысты келісімді ұзарту мәселесін де талқылауда. Бұл келісім Қытайдан АҚШ-қа маңызды минералдарды жеткізуге мүмкіндік береді және сауда текетіресіндегі уақытша ымыра ретінде қарастырылады.
Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – Тайвань. АҚШ аралдың негізгі серіктесі әрі қару-жарақ жеткізушісі болып қала береді, ал Қытай Тайваньды өз аумағының бөлігі деп санайды. Соңғы жылдары Бейжің арал маңындағы әскери белсенділікті күшейткен.
Сонымен қатар, Вашингтон Қытаймен ядролық қару мәселесі бойынша диалог орнатуға ұмтылып отыр. Алайда Бейжің өз ядролық әлеуетін талқылауға әзір емес екенін көрсетіп келеді.
Трамптың сапарына АҚШ-тың ірі бизнес өкілдері де қатысуда. Олардың қатарында Илон Маск пен Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг бар.