Бүгiн 2026, 19:11 Фото: ©️AP Photo/Julia Nikhinson

Трамп пен Нетаньяху арасында Иран мәселесіне қатысты келіспеушілік күшейді

Екі ел басшысы әскери іс-қимылдарды бастапқыда үйлестіре бастағанымен, қазіргі таңда олардың мақсаттары әртүрлі бағытқа ауысқан.

Израильдің Ливан мен Иранға жасаған соңғы соққылары АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Таяу Шығыстағы соғысқа қатысты ұстанымдары бір-бірінен алшақтай бастағанын көрсетті. Бұл туралы Associated Press агенттігі жазды.

Басылымның мәліметінше, екі ел басшысы әскери іс-қимылдарды бастапқыда үйлестіре бастағанымен, қазіргі таңда олардың мақсаттары әртүрлі бағытқа ауысқан.

Трамп бұған дейін Израильге Иран қолдайтын «Хезболла» қозғалысына қарсы соғыс аясында Бейрутқа соққы жасамауға шақырған. Алайда жексенбі күні Иран сәуір айындағы бітімнен бері алғаш рет Израильге баллистикалық зымырандар ұшырды. Бұған жауап ретінде Израиль Иран аумағына соққы берді.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Трамп әкімшілігі Иранмен жоғары тәуекелге толы келіссөздер жүргізіп келген.

Екі лидердің мақсаты екі түрлі

Сарапшылардың пікірінше, Дональд Трамп үшін басты міндет – биыл жыл соңында өтетін сайлау қарсаңында соғысты аяқтау. Сондай-ақ ол Ормуз бұғазының қайта ашылады деп үміттеніп отыр. Себебі бұл әлемдік мұнай тасымалына әсер етіп, АҚШ-тағы жанармай бағасының төмендеуіне ықпал етуі мүмкін.

Ал Иран Ливанда толық атысты тоқтатуды кез келген келісімнің басты шарты ретінде қарастырып отыр.

Биньямин Нетаньяху болса, керісінше ішкі саяси қысымға тап болған. Израиль қоғамы одан «Хезболла» шабуылдарын тоқтатуды және Иран мен оның одақтастарына қарсы соғыста нақты нәтижелер көрсетуді талап етіп отыр.

Сонымен бірге Израиль премьері елдің басты одақтасы саналатын АҚШ-пен қарым-қатынасты сақтауы керек. Алайда ол Вашингтонға толық тәуелді саясаткер ретінде көрінгісі келмейді.

Ортақ шабуылдан кейін айырмашылық анық байқалды

Associated Press мәліметінше, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы операция бастағанда екі ел бір мақсатты көздегендей көрінген.

Сол кезде Нетаньяху Иранның әскери әлеуетін әлсіретуді, оның ядролық және баллистикалық бағдарламаларын жоюды, сондай-ақ билікті өзгертуге ықпал етуді мақсат еткенін мәлімдеген.

Ал Трамп алғашқы шабуылдар кезінде Иранның жоғарғы көшбасшысы қаза тапқанын айтып, ирандықтарды өз елін «қайтарып алуға» шақырған болатын.

Алайда уақыт өте келе екі лидердің көзқарасындағы айырмашылық айқындала түсті. Трамп қысқа мерзімде нәтижеге қол жеткізіп, қақтығысты аяқтағысы келеді. Ал Нетаньяху Иран мен оның одақтастарын әлсірету үшін ұзаққа созылатын қарсыластыққа да дайын екені байқалады.