Трамп Ормуз бұғазында «азат ету операциясының» басталғанын мәлімдеді
АҚШ кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге уәде берді.
АҚШ Таяу Шығыс уақыты бойынша дүйсенбі күні таңертең Ормуз бұғазынан кемелерді шығару операциясын бастайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, «әлемнің түрлі елдері» Ормуз бұғазында АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіске байланысты бөгеліп қалған кемелерін босатып беруді сұрап, Вашингтонға жүгінген.
Иранның, Таяу Шығыстың және АҚШ-тың игілігі үшін біз бұл елдерге олардың кемелерін осы шектеулі су жолдарынан қауіпсіз алып өтетінімізді хабарладық. Осылайша олар өз істерін еркін әрі толық жалғастыра алады... Бұл процесс – Project Freedom («Азаттық» жобасы) дүйсенбі күні таңертең, Таяу Шығыс уақытымен басталады, – деді АҚШ президенті.
Сонымен қатар Трамп операцияға кедергі келтірілсе, АҚШ күш қолданатынын ескертті.
Егер бұл гуманитарлық процеске қандай да бір түрде кедергі жасалса, ондай әрекетке, өкінішке қарай, күшпен жауап беруге тура келеді, – деп жазды ол.
АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) мәліметінше, Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуін қамтамасыз етуге бағытталған «Азаттық» операциясына эсминецтер, ұшақтар және 15 мың әскери қызметкер тартылады.