Трамп: Ормуз бұғазы АҚШ аумағына айналады
АҚШ президенті Иранмен соғыс аяқталғаннан кейін Ормуз бұғазын Америка аумағы деп жариялауға ниетті екенін айтты.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен соғыс аяқталғаннан кейін Ормуз бұғазын Америка Құрама Штаттарының аумағы деп жариялауға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл туралы NBC News хабарлады.
Иранды жеңгеннен кейін көп ұзамай Ормуз бұғазын Америка Құрама Штаттарының аумағы деп жариялаймын, – деді Трамп.
АҚШ президенті теңіз блокадасының арқасында бұғаз арқылы кемелердің қозғалысын іс жүзінде Америка бақылап отырғанын да айтты.
Шын мәнінде, солай. Біз блокада орнаттық. Егер біз қаламасақ, бірде-бір кеме бұғаз арқылы өте алмайды, – деді ол.
Алайда Трамп Вашингтонның халықаралық бұғазды қандай заңдық негізде АҚШ аумағы деп жариялай алатынын түсіндірмеді.
Иран не деп жауап берді?
Тегеран Вашингтонның мәлімдемелерімен келіспейді. Иран билігі бұғазды өздері бақылап отырғанын және ол арқылы кемелердің өту шарттарын белгілей алатынын мәлімдеді. Иран өкілдері сондай-ақ АҚШ бірқатар талапты орындамайынша, Ормуз бұғазын толық ашуға ниетті емес екенін айтты.
Тегеран бұған дейінгі талаптарының қатарында АҚШ санкцияларын алып тастау, Иранның бұғатталған активтерін босату және соғыс кезінде келтірілген шығынды өтеу мәселелерін атаған. Ал Трамп өз кезегінде Ираннан, оның сөзінше, Тегеран ондаған жыл бойы келтірген залал үшін өтемақы талап етті.
Қақтығысты тоқтату жөніндегі келіссөздер әзірге тығырықтан шыққан жоқ. Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ-пен тікелей келіссөздерді қайта бастау туралы шешім әлі қабылданбағанын мәлімдеді. Делдалдар тараптар арасында хабар алмасуды жалғастырып жатыр.
Ормуз бұғазы неліктен маңызды?
Ормуз бұғазы әлемдік энергетикалық ресурстар саудасындағы негізгі бағыттардың бірі саналады. Соғыс басталғанға дейін әлемдегі мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімдерінің шамамен бестен бірі осы бұғаз арқылы өтетін.
Қақтығыс салдарынан бұғаз арқылы кемелер қозғалысы күрт азайды. Reuters мәліметінше, тамызда бұғаздан өтетін жүк кемелерінің саны әдеттегі деңгейден айтарлықтай төмен болып отыр. Жеткізілімдердің шектелуі әлемдік энергетика нарығы мен отын бағасына қазірдің өзінде қысым түсіріп отыр.