Трамп Нобель сыйлығын алмағанына наразы болып, Норвегияны сынады
Трамп өз жетістіктерін тізіп, Нобель сыйлығын алмағанына наразылық білдірді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Норвегияның Нобель комитеті 2026 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығын оған қайтадан бермегеніне ашық наразылық білдірді. Биыл марапат Оңтүстік Африка Республикасынан шыққан құқық қорғаушы әрі заңгер Нави Пиллэйге берілді.
Трамп сыйлық БҰҰ-дағы «ешкім естімеген әлдебір либералға» берілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол Пиллэйдің «Израильді жек көретіні анық» екенін айтып, оның БҰҰ комиссиясын басқарған кезінде Израиль билігін Газа секторында геноцид жасады деп айыптағанын еске салды.
АҚШ президенті Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында халықаралық мойындауға лайық деп санайтын сыртқы саяси жетістіктерін тізіп шықты.
Мен сегіз соғысты реттедім, тағы екеуін аяқтауға немесе реттеуге жақынмын. Соңғы 28 адамды, тірілер мен қаза тапқандарды қоса алғанда, Израильдің барлық кепілге алынған азаматтарын қайтардым, – деп жазды Трамп.
АҚШ президенті өз күш-жігерінің арқасында әлемнің әртүрлі елдерінен жүздеген кепілге алынған адам босатылып, үйлеріне оралғанын да мәлімдеді.
Мен Венесуэладағы соғыста жеңіске жетіп, бұл елді аяусыз басқарған қатыгез диктаторды қолға түсірдім. Сондай-ақ терроризмнің басты мемлекеттік демеушісі – Иран Ислам Республикасының ядролық қаруға ие болуына жол бермедім. Мұның бәрі әлі толық тізім емес! Осының бәріне қарамастан, мен де, Америка Құрама Штаттары да Нобель бейбітшілік сыйлығын алған жоқпыз. МӘССАҒАН! – деп түйіндеді Трамп.