8 Наурыз 2026, 15:21
Фото: Cheney Orr/Reuters
Трамп наркокартельдерге қарсы әскери коалиция құру жоспарын жариялады
АҚШ президенті Дональд Трамп Латын Америкасындағы есірткі картельдеріне қарсы әскери одақ құрылатынын мәлімдеді.
Бұл туралы ол өңірдегі есірткі саудасына қарсы күрес мәселелері талқыланған «Америка қалқаны» саммиті барысында айтты. Жиынға Латын Америкасының 10-нан астам елінің көшбасшылары қатысқан, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Таяу Шығыста ИГ ұйымын жою үшін коалиция құрғанымыз сияқты, енді өз үйімізде картельдерді жою үшін де дәл сондай қадам жасауымыз керек, - деп атап өтті Трамп.
Оның айтуынша, келісімнің негізгі мәні – «зұлым картельдер мен террористік желілерді жою үшін қажет болған жағдайда әскери күш қолдануға дайын болу».
Трамп Мексиканы Батыс жарты шардағы есірткі картельдерінің негізгі орталығы деп атады.
Біз оларды толықтай жоюымыз керек. Өйткені олар күн өткен сайын күшейіп келеді. Олар өз елін бақылауға алып барады. Қазір Мексиканы картельдер басқарып отыр, - деді ол.
Ал DW басылымының жазуынша, Мексика президенті Клаудия Шейнбаум бұған дейін бірнеше рет АҚШ-тың ел аумағында әскери операция жүргізуіне рұқсат бермейтінін мәлімдеген.