Трамп: Макронның Палестинаға қатысты мәлімдемесінің "еш салмағы жоқ"

АҚШ президенті Дональд Трамп Франция басшысы Эммануэль Макронның Палестина мемлекетін мойындау туралы мәлімдемесіне пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл мәлімдеменің "ешқандай салмағы жоқ". Трамп бұл туралы Ақ үй аумағында журналистермен сөйлесу барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ European Truth басылымына сілтеме жасап.

Оның айтқандары ештеңені өзгертпейді. Маған ол ұнайды, ол жақсы жігіт, бірақ бұл мәлімдеменің мәні жоқ, – деді Трамп.

Айта кетейік, бір күн бұрын Франция үкіметі қыркүйек айында Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын мәлімдеген болатын. Осылайша, Франция Палестинаны мойындаған алғашқы G7 еліне айналуы мүмкін. Қазіргі таңда әлемнің 150-ге жуық елі Палестинаны егемен мемлекет ретінде таныған.

Париждің бұл шешімін Палестина билігі оң бағаласа, Израиль тарапы, керісінше, сынға алды. Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху бұл қадамды "терроризмді марапаттау" деп бағалады. Ал АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Франция басшылығын бұл бастама үшін қатаң сынға алды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы