Трамп Мадуромен АҚШ-та кездесу өткізу мүмкіндігін талқылады

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла басшысы Николас Мадуромен АҚШ аумағында кездесу өткізу мүмкіндігін талқылады. Бұл туралы The New York Times дереккөздерге сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Басылымның мәліметінше, өткен аптада Трамп, Мадуро және АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қатысқан телефон әңгімесі өткен. Сол әңгіме барысында екі ел басшыларының АҚШ-тағы ықтимал кездесуі сөз болғанымен, нақты жоспар әзірге жоқ. Ақ үй бұл ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартса, Венесуэла тарапы да жауап бермеген.

NYT талдауынша, екі көшбасшы арасындағы тікелей келіссөздер Вашингтонның аймақтағы одан әрі әскери шиеленісті болдырмау қадамы ретінде қарастырылуы мүмкін.

21 қарашада Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында жақын уақытта Мадуромен келіссөз жүргізуге дайын екенін айтқан.

Вашингтон Венесуэла билігін есірткі контрабандасына қарсы жеткілікті күреспейді деп айыптап келеді. Осыған байланысты АҚШ Әскери-теңіз күштері Кариб теңізіне әуе тасымалдаушы Gerald R. Ford бастаған соққы тобын жіберді. Қыркүйектен бері АҚШ кемалары аймақта кемінде 20 жылдам қайықты суға батырып, 80-нен астам адамның қаза болғаны хабарланды.

Америкалық БАҚ соңғы айларда АҚШ Венесуэла аумағына әскери соққы жасай бастау мүмкіндігін бірнеше рет көтерген. Бейсенбі күні Трамп "Вашингтон жақын уақытта құрлықта Венесуэладан келетін есірткі трафигіне қарсы әрекет ететінін" мәлімдеді, алайда ықтимал операциялар туралы егжей-тегжейлі ақпарат бермеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: AP Photo / Alex Brandon
Өзгелердің жаңалығы