Трамп келгелі әлем экономикасы екі лагерьге бөлінді – академик

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. АҚШ президенті Дональд Трамптың инаугурация кезінде "Америка – америкалықтар үшін" деген сөзі көп нәрсені аңғартады. Бұл дегеніңіз әлем экономикалық саясат тұрғысынан екі лагерьге бөлінді дегенді білдіреді. Оның бірі 1990-жылдардан бері жүргізіліп келе жатқан жаһандану саясаты, ал екіншісі патриоттық немесе протекцианизм саясаты. Бұл туралы ҚР БҒМ ҒК Экономика институтының директоры, академик, профессор Әзімхан Сатыбалдин Алматыда өтіп жатқан конференция кезінде айтты.

"Ғылым, экономика және қоғамның әлеуметтік жаңғыруы: шындық және перспективалар" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында баяндама жасаған академик қазіргі әлемдік экономикадағы үдерістерге тоқталды. Оның айтуынша, 1990-жылдары жаһандану саясатымен көптеген экономикалық одақ құрылғанымен қазір алпауыт елдер олардан іргесін аулақ алуда.



"Трамп өз экономикасын алға қоятын осы протакцианизм жолын ұстанып отыр. Жаһанданудың не екенін бәріңіз жақсы білесіздер, 1990-жылдары бірінші ГАТЕ келісімі жасалды, бұл дүниежүзілік сауда ұйымын құру келісімі болды. Одан кейін НАФТА Солтүстікамерикалық еркін сауда келісімі құрылды. Үшінші келісім Еуропа Одағын құру болды. Төртінші Тынық мұхиты аумағында еркін сауда құру келісімі жасалды. Сондай-ақ, оған  Еуразиялық Одақ қосылды, міне осындай бес жаһандық ұйым жұмыс істеп жатыр. Бұл ұйымдар еркін сауданың, капитал өсімін, ұлттық экономиканың өсуін және бәсекелестікті қамтамасыз етті. Екінші жағынан бұлар осы экономикаға қауіп төндіріп, түрлі қиындықтарға әкелуде. Ол дегеніңіз саяси тұрақсыздық, әлемдік қаржы жүйесінің өзгеруі, әлемдік нарықтағы бәсекелестіктің нығаюы, жұмыссыздықтың сақталуы, аймақтағы елдер экономикасының даму теңсіздігі және әлеуметтік шиеленістер", - дейді ол.
Аккадемиктің айтуынша, қазір осы еркін сауда ұйымдарына қарама-қарсы әрекет ретінде протекционизм саясаты жанданып келеді. 
"Бұл саясаткерлердің "мына Одақтардан кету керек, өз өндірісімізді дамытуымыз қажет" дегенінен шықты. Дегенмен олар белгілі бір мөлшерде жетістікке жете білді. Мәселен, қазіргі таңда АҚШ жұртшылығы ел экономикасы осы Тармптың тұсында жоғары жетістікке жеткенін айтуда. Ал көрші Ресей Федерациясы тәуелсіздік алғаннан бері екі жыл қатарынан бюджет қаржысы артығымен қалғанын мәлімдеуде. Бұл Пост кеңестік елдер арасында бюджеті артылып қалған жалғыз ел. Міне, бұл  протекционизм саясатының берген пайдасы", - дейді профессор. 



Алайда протекционизм отандық тауар өндірушілерді қорғап қана қоймай, экономиканың алға ілгерілеуін тоқтатып тастауы да мүмкін екен.  

"Бұл кезде монополизм күшейіп, бәсекеге қабілеттілік түсіп кетуі мүмкін. Тіптен сауда соғысы мен халықаралық сауда келісімдерінің бұзылуына  әкеледі. Оны қазір көріп отырмыз, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы, АҚШ пен Ресей арасындағы санкциалық соғыс және АҚШ көптеген экономикалық одақтардан іргесін аулақ алуда. Ұлыбритания да Еуро Одақтан шыққысы келіп отыр", - дейді ол. 
Академик Қазақстанның өзінің дербес даму жолы бар екенін айта келе, екі лагерьдің арасындағы орта деңгейді ұстану қажет деген ойын білдірді.

"Қазақстанға әлемдік тенденцияларға қарсы шықпай, өзінің тиімді жолын таңдау қажет. Бұл бағытта экономикалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Біз оны "Экономикалық жүйені  қауіпсіз жүргізу" деп алдық. Ол экономикалық тұрақтылық пен тәуелсіздікті сақтауға бағытталған. Экономикалық қауіпсіздікті сақтауда басты үш нәрсеге назар аудару қажет. Олар экономикалық тәуелсіздік, өзіндік дамуға деген бейімділік және ұлттық экономиканың орнықтылығы", - деді профессор Әзімхан Сатыбалдин.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы