19 Шілде 2026, 01:45 Фото: скрин

Трамп Канадаға жаңа тарифтер енгіземін деп қорқытты

АҚШ президенті Дональд Трамп Канададағы ірі орман өрттерінен тараған түтіннің АҚШ-тың солтүстік штаттарын басуына байланысты Оттаваға жаңа кедендік тарифтер енгізуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Канаданың Орман өрттері жөніндегі ақпараттық жүйесінің дерегінше, 17 шілдедегі жағдай бойынша елде 955-ке жуық орман өрті тіркелген. Олардың басым бөлігі әлі толық бақылауға алынбаған. Тек Онтарио провинциясының өзінде 190-нан астам өрт ошағы бар.

Трамп Канада билігін орман алқаптарын дұрыс басқармай отыр деп айыптап, елдің әрекетін «немқұрайлылықтың салдары» деп атады. Ол Канада премьер-министрі Марк Карнимен сөйлесіп, жағдайға түсініктеме талап ететінін айтты.

Ал Канада билігі бұл айыптауларды жоққа шығарды. Марк Карни климаттың өзгеруінен туындаған табиғи апаттармен күресу үшін екі елдің бірлескен жұмысы қажет екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Канада соңғы жылдары орман өрттерінің алдын алу және орман шаруашылығының тұрақтылығын арттыруға 12 млрд канадалық доллар бөлгенін хабарлады.

Орман өрттерінен шыққан қою түтін АҚШ-тың Миннесота, Мичиган, Пенсильвания, Огайо және Нью-Йорк штаттарына дейін жетті. Бірқатар өңірде ауа сапасының нашарлауына байланысты ескерту жарияланып, тұрғындарға үйде болу және қажет болған жағдайда қорғаныш маскаларын пайдалану ұсынылды.

Сонымен қатар түтін Нью-Джерсидегі «МетЛайф» стадионында өтетін футболдан әлем чемпионатының финалына да әсер етуі мүмкін екені айтылды. Мамандардың болжамынша, демалыс күндері күтілетін жауын-шашын ауа сапасын жақсартуы ықтимал.