20 Тамыз 2026, 05:18 Фото: depositphotos.com

Трамп Канадаға жаңа 50% баж салығын енгізуді үш күнге кейінге қалдырды

Екі елдің сауда өкілдері келіссөздерді жалғастырып жатыр.

АҚШ президенті Дональд Трамп Канададан импортталатын бірқатар тауарларға жоспарланған 50% баж салығын үш күнге тоқтатты. Оның айтуынша, екі ел сауда келісімін аяқтауға жақын.

ВВС-дің хабарлауынша, Трамп жаңа тарифтер 20 млрд долларға жуық канадалық импортқа қатысты болатынын және 19 тамыздан бастап күшіне енуі тиіс болғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Канада мен АҚШ келісімнің негізгі шарттарын келіскен, қазір құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр.

Канада премьер-министрі Марк Карни келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеу барын, бірақ әлі де шешілмеген маңызды мәселелер қалғанын айтты.

Келіссөздер аясында АҚШ Канададан ауыл шаруашылығы, өндіріс және сүт өнімдері нарығына қатысты бірқатар жеңілдік талап етуде. Сонымен қатар америкалық автомобильдерге қойылатын тарифтерді төмендету және АҚШ-тан алкоголь импортын шектейтін провинциялық шараларды жою мәселелері талқылануда.

Reuters мәліметінше, тараптар америкалық автокөлік тарифін 25%-дан 15%-ға дейін төмендету мүмкіндігін де қарастырған. Алайда тарифтің қандай көліктерге қолданылатыны жөнінде келісімге әлі келген жоқ.

Трамп бұған қоса Канада мен АҚШ арасындағы сауда келісімі аясында Keystone XL мұнай құбырын қайта жандандыру мәселесі қаралуы мүмкін екенін айтты.

Екі елдің сауда өкілдері келіссөздерді жалғастырып жатыр.