Трамп Израильді Иранның энергетикалық нысандарына соққы бермеуге шақырды
Сонымен қатар, Ақ үй басшысы Таяу Шығысқа қосымша америкалық әскер жіберу жоспары жоқ екенін мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Израильді Иранның энергетикалық инфрақұрылымына қарсы шабуылдарды қайталамауға үндеді. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер жаһандық энергетикалық нарықтағы тұрақсыздықты күшейтіп, қақтығыстың одан әрі ушығуына әкелуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.
Бұл мәлімдеме Иран Израильдің газ кен орнына жасаған соққысына жауап ретінде Катардағы ірі энергетикалық нысандардың біріне шабуыл жасағаннан кейін айтылды. Сарапшылардың бағалауынша, аталған соққы әлемдік сұйытылған газ өндірісінің едәуір бөлігіне әсер етіп, оны қалпына келтіруге бірнеше жыл қажет болуы мүмкін.
Трамп Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен сөйлескенін айтып, энергетикалық нысандарға қайта соққы бермеуді сұрағанын жеткізді. Оның сөзінше, Израиль бұл өтінішті ескерген.
Сонымен қатар, Ақ үй басшысы Таяу Шығысқа қосымша америкалық әскер жіберу жоспары жоқ екенін мәлімдеді.
Аймақтағы жағдай шиеленісе түскен сайын, халықаралық қауымдастық алаңдаушылық білдіруде. Бірқатар елдер Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз кеме қатынасын қамтамасыз ету және энергетикалық нарықты тұрақтандыру үшін бірлескен шаралар қабылдауға дайын екендерін мәлімдеді.
Сарапшылардың пікірінше, Иранның энергетикалық инфрақұрылымына жасалған соққылар қақтығыстың «жаңа кезеңіне» жол ашып, енді қарсы тараптың да энергетикалық нысандарды нысанаға алуына әкеліп отыр.