Трамп: Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату режимі әлі күшінде
АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторындағы атысты тоқтату режимі әлі де күшінде екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Air Force One ұшағында журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Бітімгершілік келісім күшінде, – деді Трамп қысқаша мәлімдемесінде.
Бұған дейін, 19 қазанда Израиль армиясы Палестина радикалдарының атысты тоқтату режимін бұзғанын хабарлаған болатын. Әскерилердің мәліметінше, Рафах қаласы маңында Израиль күштеріне оқ атылған. Осыған байланысты премьер-министр Беньямин Нетаньяху ХАМАС қозғалысын атысты тоқтату тәртібін бұзды деп айыптап, қарымта шаралар қолдануға бұйрық берді.
Кейінірек Израиль армиясы бүкіл анклав аумағына әуеден бірнеше соққы жасады. Ресми мәліметке сәйкес, Рафах маңындағы қақтығыс кезінде екі израильдік сарбаз қаза тауып, біреуі ауыр жараланған.
Өз кезегінде ХАМАС өкілдері қозғалыстың Рафахтағы оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Ал АҚШ әкімшілігі қазіргі жағдайға қарамастан, бітімгершілік күшінде деп санайтынын растады.