20 Ақпан 2026, 07:48 Фото: AP Photo / Evan Vucci

Трамп: Иранмен келісімге келуге 15 күннен артық уақыт берілмейді

Бұған дейін CBS АҚШ 21 ақпанда Иранға қарсы әскери операция бастау мүмкіндігін қарастырып отырғанын хабарлаған.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен келісім жасасу үшін ең көбі 15 күн бөлінетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Вашингтоннан Джорджия штатына қарасты Ром қаласына бара жатқан жолда журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Біз мәміле жасаймыз немесе қандай да бір жолмен оған қол жеткіземіз. 10 күн жеткілікті болар еді. 10-15 күн – бұл максимум, – деді Трамп.

Бұған дейін CBS АҚШ 21 ақпанда Иранға қарсы әскери операция бастау мүмкіндігін қарастырып отырғанын хабарлаған. Ақ үй қаңтар айында егер Тегеран келіссөздерге келіп, ядролық қарудан толық бас тартуды көздейтін «әділ мәмілеге» келіспесе, күш қолдану нұсқасы қарастырылатынын ескерткен болатын.

Иран билігі атом бомбасын жасау ниеті жоқ екенін бірнеше рет мәлімдеді.

17 ақпанда Женевада АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің екінші кезеңі өтті. Кездесу Оманның делдалдығымен ұйымдастырылды. Иран Сыртқы істер министрлігі болашақ келісім жобасына енуі мүмкін бірқатар мәселелер бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілгенін хабарлады. Ал Вашингтон келіссөздер «оң нәтиже бергенін» айтқанымен, Тегеранның Ақ үй ұсынған бірқатар талаптарды қабылдауға әзір емес екенін мәлімдеді.

Бұған дейін АҚШ пен Израиль Ираннан ядролық бағдарламаны дамытудан ғана емес, баллистикалық зымыран өндірісінен және Таяу Шығыстағы ираншыл күштерді қолдаудан бас тартуды талап еткен.