Бүгiн 2026, 07:48 Фото: Roberto Schmidt/Getty Images

Трамп: Иранмен бейбіт келісімнің негізгі шарттары келісілді

Ұсынылып отырған келісім үш кезеңнен тұруы мүмкін.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен бейбіт келісімге қатысты меморандум шарттары «негізінен келісілгенін» мәлімдеді. Оның айтуынша, келісім Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта қалпына келтіруді де қамтиды.

Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында құжаттың соңғы тармақтары әлі талқыланып жатқанын, ал толық мәлімет жақын күндері жарияланатынын хабарлады.

Reuters мәліметінше, ұсынылып отырған келісім үш кезеңнен тұруы мүмкін: соғысты ресми тоқтату, Ормуз бұғазындағы дағдарысты шешу және кең ауқымды келісім бойынша 30 күндік келіссөз кезеңін бастау.

Иран тарапы болса, Ормуз бұғазына бақылау орнату, АҚШ санкцияларын алып тастау және порттарға қойылған шектеулерді тоқтатуды талап етіп отыр. Сонымен қатар Тегеран ядролық қару жасау ниетін жоққа шығарып, уранды азаматтық мақсатта байытуға құқығы бар екенін мәлімдеді.

Пәкістан делдалдық жасап жатқан келіссөздерге қатысты екі тарап та белгілі бір прогресс бар екенін хабарлады. Пәкістан армиясының мәліметінше, соңғы келіссөздер «түпкілікті түсіністікке жетуге үміт береді».

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтонның басты талаптарын қайталап, Иранда ядролық қару болмауы, Ормуз бұғазының еркін ашық болуы және байытылған уранның тапсырылуы қажет екенін айтты.

Ал Иран өкілдері атысты тоқтату режимі сақталғанымен, келіссөздерде әлі де шешілмеген мәселелер бар екенін мәлімдеді.