Трамп Иранға сес көрсетті: Ядролық текетірес күшейе ме?

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жаңа ядролық қондырғылары салынып жатса, оларды жойып жіберетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Трамптың айтуынша, АҚШ Иранның бұрынғы үш ядролық нысанын толығымен жойған.

Бұл нысандарды қалпына келтіру үшін Иранға бірнеше жыл қажет болады. Егер Тегеран қаласа, біз оларды жоймай тұрып басқа үш жерде құрылыс бастауы мүмкін, – деп ескертті Трамп.

Трамптың бұл мәлімдемесі халықаралық қауымдастықтың назарын бірден аудартты. Себебі бұл мәлімдеме Иран мен Батыс арасындағы ядролық шиеленістің жаңа кезеңге өту қаупін күшейтіп отыр.

Осыған дейін Иран Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комитетінің мүшесі Эбрахим Резай Тегеранның Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан (ЯҚТШ) шығу мүмкіндігін жоққа шығармаған.

Егер Иранға қарсы санкциялық қысым күшейе түссе, ел уран байыту деңгейін 60%-дан да жоғары көтеруі мүмкін, – деді ол.

Аталған мәлімдемелер Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жағдайдың қайта ушығып келе жатқанын көрсетеді. Сарапшылар екіжақты риториканың күшеюі аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін алға тартады.

Айта кетейік, Иранның ядролық бағдарламасы соңғы онжылдықта Батыс елдерімен шиеленісті келіссөздердің өзегі болып келеді. 2015 жылы жасалған ядролық келісімнен АҚШ 2018 жылы Трамптың шешімімен шыққан болатын. Содан бері Тегеран уран байыту бағдарламасын кеңейтіп, Батыс елдерімен арадағы сенім дағдарысы тереңдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Cheney Orr/ Reuters
Өзгелердің жаңалығы