Трамп: ХАМАС кепілге алынғандардың денелерін қайтармаса, қатаң шаралар қолданылады

АҚШ президенті Дональд Трамп Палестинаның ХАМАС қозғалысына ескерту жасап, Израильге кепілге алынған адамдардың денелері тез арада қайтарылмаса, ұйымға қарсы шаралар қабылданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

ХАМАС кепілге алынған адамдардың денелерін, соның ішінде екі америкалықтың сүйегін тез арада қайтаруға мәжбүр болады. Әйтпесе, осы ұлы бейбітшілік процесіне қатысатын өзге елдер әрекет етеді, - деп жазды Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында.

Президенттің айтуынша, АҚШ алдағы 48 сағат ішінде ХАМАС-тың қимылдарын мұқият бақылайтын болады.

Бұған дейін Asharq Al-Awsat газеті ХАМАС Газа секторында кепілге алынғандардың қалдықтарын іздеу операциясын жүргізіп жатқанын хабарлаған. Басылым деректері бойынша, бұл процесс қиынға соғуда, себебі мәйіттердің жерленген орындары туралы ақпарат иелері соғыс қимылдарының барысында қаза тапқан. Сонымен қатар, Газа анклавының бірқатар аймақтары Израильдің әуе шабуылдарынан кейін толықтай қираған.

Айта кетсек, 9 қазанда Израиль мен ХАМАС Египет, Катар, АҚШ және Түркияның делдалдығымен Трамп ұсынған бейбітшілік жоспарының бірінші кезеңін жүзеге асыруға келіскен болатын. Атысты тоқтату режимі 10 қазанда күшіне енді.

13 қазанда ХАМАС тірі қалған 20 израильдік кепілді босатып, төрт адамның денесін қайтарды. Алайда Израиль билігі радикалдар әлі де 15 адамның сүйегін ұстап отырғанын мәлімдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Kevin Lamarque/Reuters
Өзгелердің жаңалығы