Трамп: ХАМАС бейбіт келісімге дайын
АҚШ президенті Дональд Трамп палестиналық ХАМАС қозғалысы барлық израильдік тұтқындарды босатуға және Вашингтон ұсынған бейбіт реттеу жоспарын қабылдауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
The New York Times таратқан мәліметке сәйкес, Трамптың айтуынша, ұйым «ұзақ мерзімді бейбітшілікке» дайын, бірақ жоспардың кейбір тармақтарын талқылауды көздеп отыр. Жұма күні ХАМАС өкілдері келіссөздерге дайын екенін растаған.
Барлығы бұл соғысты тоқтатып, Таяу Шығыста бейбітшілікті орнатуға мүдделі. Біз осы мақсатқа жетуге бұрын-соңды болмағандай жақынбыз, – деді Трамп өз видеоүндеуінде.
Сонымен қатар, АҚШ президенті Израильді Газадағы әуе шабуылдарын дереу тоқтатуға шақырды.
Бұған дейін Трамп 20 тармақтан тұратын бейбіт жоспарды ұсынған болатын. Оған сәйкес, тұтқындарды босату – соғысты тоқтатудың негізгі шарты болмақ. Ал Израиль өз кезегінде жүздеген палестиналық тұтқынды босатуға келіспек. Құжат сондай-ақ израильдік әскердің кезең-кезеңімен әкетілуін және ХАМАС-тың қарусыздануын, ал сектордағы билікті уақытша халықаралық әкімшілікке беруін қарастырады.
Бұған дейін Трамп ХАМАС-қа ультиматум қойған еді: егер жексенбі күні Вашингтон уақытымен сағат 18:00-ге дейін оқ атуды тоқтату жоспары қабылданбаса, ол "нағыз тозақ орнатады" деп мәлімдеген.