Трамп Гренландия жөніндегі АҚШ жоспарын қолдамаған елдерге қоқан-лоқы көрсетті

АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияны АҚШ бақылауына алу жөніндегі жоспарын қолдамаған елдерге қарсы сауда баждарын енгізуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы BAQ.KZ NBC News-ке сілтеме жасап хабарлады.

Трамп бұл туралы жұма күні, 16 қаңтарда, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысында айтты.

Мен мұны Гренландияға байланысты да жасай аламын, – деді Трамп өзінің тарифтік саясатын талқылағаннан кейін. – Егер елдер Гренландия жөніндегі жоспарды қолдамаса, оларға қарсы баж салығын енгізуім мүмкін, өйткені ол бізге ұлттық қауіпсіздік үшін қажет.

Алайда Ақ үй басшысы бұл мәселе бойынша нақты егжей-тегжейге тоқталған жоқ.

Гренландияны бақылап отырған Дания бұған дейін Трамптың аралды АҚШ-қа беру туралы шақыруын қабылдамаған еді. Соңғы күндері аралға АҚШ-тың бірнеше ірі еуропалық одақтастарының әскери бөлімшелері келгенін телеарна еске салды.

Сәрсенбі күні Дания мен Гренландияның сыртқы істер министрлері Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және вице-президент Джей Ди Вэнспен келіссөздер өткізді. Алайда АҚШ-тың аралға қатысты ұстанымын өзгерту мүмкін болмады. Келіссөздер сәтсіз аяқталғаннан кейін бірқатар еуропалық елдер Гренландияға әскер жіберетінін мәлімдеді.

БАҚ мәліметінше, Гренландияның сыртқы істер министрі Вивиан Моцфельдт Ақ үйде АҚШ әкімшілігі өкілдерімен кездесуден кейін берген сұхбатында көз жасына ерік берген. Ал Данияның сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен Вашингтондағы келіссөздерден кейін Трамптың "Гренландияны жаулап алуға деген ниеті бар" екенін айтқан. Сонымен бірге ол Ақ үй басшысының АҚШ аралды бақыламаса, онда "қытай эсминецтері мен суасты қайықтары қаптап кетеді" деген мәлімдемесін жоққа шығарды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: x.com/whitehouse
Өзгелердің жаңалығы