Трамп Эпштейннің Демократиялық партиямен байланысын тексеруді талап етті

АҚШ президенті Дональд Трамп педофилияға байланысты ұсталып, кейіннен өз-өзін өлтірген американдық қаржыгер Джеффри Эпштейннің демократиялық партиямен байланысын тергеуді сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Трамптың айтуынша, демократтар Эпштейн ісін пайдаланып, өздерінің саяси сәтсіздіктерінен жұртшылық назарын басқа жаққа аударуға тырысады.

Мен Әділет министрлігін, Бас прокурор Пам Бонди мен ФБР қызметкерлерін Эпштейннің Билл Клинтон, Ларри Саммерс, Рид Хоффман, JP Morgan Chase және басқа да адамдармен байланысын тексеруге шақырамын, - деді Трамп truth Social желісіндегі парақшасында.

Демократтар бұған дейін Эпштейннің бірнеше таныстары мен жақын адамдарымен хат алмасуын жариялаған, оның ішінде Трамптың Эпштейннің қылмыстарынан хабардар болуы мүмкін екені көрсетілген. Ақ үй демократтардың әрекеттерін Трампты жамандау әрекеті деп сипаттады.

Еске салсақ, Эпштейн 2019 жылдың 6 шілдесінде Нью-Йорк штатының құқық қорғау органдары ұсталған. Ол 2002–2005 жылдары Манхэттендегі үйінде кәмелетке толмаған қыздарға қатысты қылмыстар ұйымдастырған деп айыпталған. 2019 жылдың тамызында Эпштейн түрме камерасында өз-өзін өлтірген соң іс тоқтатылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Roberto Schmidt / Getty Images
Өзгелердің жаңалығы