14 Тамыз 2026, 15:56 Фото: pexels.com

Трамп дрондарға 100% баж салығын енгізді: АҚШ неге алаңдаулы?

АҚШ дрон импортына жаңа тариф енгізді. Кейбір БПЛА мен маңызды компоненттерге салынатын баж 100%-ға жетеді. Бұл шешімнің артында не тұр?

АҚШ президенті Дональд Трамп дрондар мен олардың құрамдас бөліктерін импорттауға баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Ұшу салмағы 25 келіден асатын және жылу камераларымен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараттарына тариф тауар құнының 100%-ын құрайды.

Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп 13 тамыз, бейсенбі күні дрондар мен олардың компоненттерінің импортына баж салығын енгізу туралы прокламацияға қол қойды. Бұл туралы Ақ үйдің сайтында жарияланған баспасөз хабарламасында айтылған.

Құжатқа сәйкес, тауар құнының 100%-ы мөлшеріндегі тариф ұлттық қауіпсіздік үшін аса маңызды саналатын белгілі бір көлемдегі немесе арнайы мүмкіндіктері бар ұшқышсыз ұшу аппараттарына, сондай-ақ олардың док-станциялары мен бірқатар негізгі компоненттеріне қолданылады.

Нақтырақ айтқанда, бұл талап ұшып көтерілу кезіндегі максималды салмағы 25 келіден асатын және жылу камераларымен жабдықталған дрондарға қатысты. Ал максималды ұшу салмағы 25 келі немесе одан аз дрондарға 25% мөлшерінде баж салығы салынады.

Сонымен қатар Трамптың жарлығына сәйкес, Еуропалық одақ, Жапония, Оңтүстік Корея, Швейцария, Тайвань және Лихтенштейннен импортталатын БПЛА мен олардың компоненттеріне 15% мөлшерінде тариф белгіленеді. Ұлыбританиядан әкелінетін өнімдерге тариф 10% деңгейінде болады.

Жаңа тарифтер прокламацияға қол қойылғаннан кейін 21 күн өткен соң күшіне енеді. Ал АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін аса маңызды болып саналмайтын дрон компоненттеріне қатысты баж салығы 180 күннен кейін қолданыла бастайды.

Қытайдың дрон нарығындағы үстемдігіне қарсы қадам

Дрондар мен олардың компоненттерінің импортына тариф енгізу шешімі АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігін қорғау қажеттілігімен түсіндіріліп отыр.

Ақ үйдің мәліметінше, дрондар қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда маңызды технологияға айналып, АҚШ-тың қазіргі және болашақтағы әскери операцияларында шешуші рөл атқарады. Сонымен қатар АҚШ-тың БПЛА қолдануы маңызды компоненттерді шетелдік жеткізушілерден алуға тәуелді. Бұл ұлттық қауіпсіздікке елеулі қауіп төндіріп, киберқауіпсіздік саласында осал тұстар қалыптастырады.

Осыған байланысты АҚШ дрон өндірісін ел ішінде жедел түрде арттыруы қажет деп есептейді Ақ үй.

AFP агенттігі бұл шешімді Қытайдың дрон өндірісі саласындағы басымдығымен байланыстырады. Жақында The Telegraph газеті Ұлыбритания Әскери-теңіз күштерінің теңіздегі барлау дрондары Қытайға деректерді жасырын түрде жіберіп отырғанын жазған. Бұған аталған аппараттарда Қытайда өндірілген компоненттердің қолданылуы себеп болған.

Ал Bloomberg агенттігі ақпан айында Қытайдың Таиланд арқылы Ресейге дрон жеткізіп отырғанын анықтаған. 2025 жылдың 11 айында Ресей Таиландтан 125 млн доллардың БПЛА-сын импорттаған.

Бұған дейін агенттік Қытайдың Батыс елдеріне дрондардың кейбір негізгі компоненттерін жеткізуді қысқартып, бір мезетте Ресейге мұндай өнімдердің экспортын арттырғанын хабарлаған.