Трамп Давоста "Бейбітшілік кеңесінің" Жарғысына қол қоюды жоспарлап отыр
АҚШ президенті Дональд Трамп 22 қаңтарда Давоста өтетін Дүниежүзілік экономикалық форум аясында «Бейбітшілік кеңесі» деп аталатын жаңа халықаралық органның Жарғысын бекітуге ниетті. Бұл туралы Bloomberg агенттігі дереккөздеріне сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Агенттіктің мәліметінше, Трамп бастаманы ресми түрде іске қосу үшін шақырылған елдерден құжатқа сол күні қол қоюды талап етпек. Жарғы жобасына сәйкес, Дональд Трамп кеңестің алғашқы төрағасы болады және жаңа мүшелерді қабылдау мәселесін жеке өзі шешу құқығына ие. Сонымен қатар, ұйымға тұрақты қатысушы мәртебесін алу үшін мемлекеттерден алғашқы жылы кемінде 1 млрд доллар көлемінде жарна төлеу талап етіледі.
Bloomberg атап өткендей, мұндай қаржылық шарттар бірқатар әлемдік көшбасшылардың таңданысын тудырып, қатты сынға ұшыраған. Алғашында кеңес Газа секторын қалпына келтіру үдерісін бақылау мақсатында құрылуы тиіс болған. Алайда Жарғының мазмұны бұл бастаманың әлдеқайда кең әрі жаһандық амбицияға ие екенін, тіпті БҰҰ-ға балама құрылым болуға ұмтылатынын көрсетеді. Кейбір шақырылған тараптар Трамп төраға ретінде ұйымның қаржылық ресурстарын жеке бақылауына алады деп алаңдаушылық білдірген.
Кеңестің атқарушы комитетінің құрамына АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, президенттің күйеу баласы Джаред Кушнер және Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр кіретіні хабарланды. Сондай-ақ Ресей, Египет, Үндістан, Канада және Түркия басшыларына шақыру жолданған.