Бүгiн 2026, 07:14 Фото: AP Photo / Mark Schiefelbein

Трамп: АҚШ-тың Иранмен соғысы жақын арада аяқталуы мүмкін

АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операцияны 28 ақпанда бастаған.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операцияның сәтті жүріп жатқанын және қақтығыс жақын арада аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Ол Лас-Вегаста өткен іс-шарада сөйлеген сөзінде: «Біздің жағдайымыз жақсы. Иранмен соғыс жоспарға сай жүріп жатыр. Біз қалағанымызды жасай аламыз. Бұл қақтығыс жақын арада аяқталуы тиіс», – деді.

АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операцияны 28 ақпанда бастаған. 7 сәуірде тараптар екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге келген еді.

Алайда 11 сәуірде Исламабадта өткен келіссөздер ұзақ мерзімді келісімге әкелмеді. Тараптар бірқатар мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келе алмаған.

Соған қарамастан, Вашингтон Иранға қысымды күшейтіп, 13 сәуірден бастап теңіз блокадасын енгізгенін мәлімдеді.