Трамп АҚШ-тың Иранға қатысты негізгі жоспарымен бөлісті
АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Иранға қатысты негізгі жоспары келіссөздер жүргізу екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, АҚШ бұл үдерістен нақты нәтиже күтеді.
«Жоспар мынадай: Иран бізбен келіссөздер жүргізіп жатыр, біз бір шешімге келе аламыз ба, соны көреміз. Ал егер келісе алмасақ, онда не болатынын кейін көреміз», – деді Трамп Fox News журналисі Джеки Хайнрикке берген сұхбатында.
Америка президенті Иранның келіссөздерге дайын екенін растағанымен, Тегеранның нақты мақсаты әзірге белгісіз екенін атап өтті. Оның сөзінше, өткен келіссөздер барысында ядролық бағдарламаны тоқтату әрекеттері нәтиже бермеген.
Еске салайық, 26 қаңтарда Дональд Трамп АҚШ-тың ірі әскери күштері Иран бағытына бет алғанын айтып, Тегеранды ядролық қарудан толық бас тартатын «әділ әрі тең келісімге» келуге шақырған болатын. Ол сондай-ақ АҚШ-тың өткен жылы Ирандағы ядролық нысандарға соққы жасағанын еске салып, жаңа шабуылдың салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін екенін ескертті.
Ал Иран тарапы кез келген агрессия жағдайында АҚШ пен оның Таяу Шығыстағы одақтастарының әскери инфрақұрылымына жауап соққы берілетінін мәлімдеді. Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Иран келіссөздерге дайын екенін, бірақ олар қысым мен қорқытусыз өтуі тиіс екенін айтты.