Трамп АҚШ-тағы аштық туралы жыл сайынғы есепті тоқтатты
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты жыл сайынғы есепті жариялауды тоқтатты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елдің ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, соңғы есеп – 2024 жылға арналған құжат – 22 қазанда жарық көреді. Ведомство бұл есептің «аса саясиланып кеткенін» алға тартты.
Бұл шешім азық-түлік көмегін қысқартатын заң қабылданғаннан кейін жария болды. Соның салдарынан шамамен 3 миллион америкалық SNAP талондарынан айырылуы мүмкін.
Сыншылар биліктің бұл қадамымен елдегі аштық пен кедейлік мәселесінің ушығуын жасырып қалуға тырысып отырғанын айтады.
Бұл демократиялық емес елдердің тәжірибесіне көбірек ұқсайды, – деді Америкалық прогресс орталығының сарапшысы.
Ақ үй болса, кедейлік деңгейі азайып, жалақы өсіп келе жатқандықтан мұндай есепке қажеттілік жоқ деп мәлімдеді.
АҚШ халық санағы бюросының дерегіне сәйкес, кедейлік деңгейі Трамп қызметке кіріспей тұрып-ақ 11%-дан 10,6%-ға төмендеген.