Трамп: "АҚШ пен Қытай арасындағы келісімге бүгін қол қойылуы мүмкін"
Пусан қаласында өтіп жатқан АҚШ пен Қытай басшыларының кездесуі кезінде Дональд Трамп екі ел арасындағы келісімге бүгін-ақ қол қойылуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Журналистің сұрағына жауап берген Трамп: "Мүмкін. Біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз", - деді.
Соңғы айларда Вашингтон мен Бейжің арасында қарым-қатынас шиеленісті күйде қалып отыр. Мамыр айында тарифтік соғысты тоқтату мақсатында уақытша келісім жасалғанымен, екі тарап арасындағы экономикалық бәсеке жалғасты.
АҚШ Қытайдың технологиялық дамуына шектеу қоюды жалғастырып, елдің Nvidia компаниясының жоғары технологиялы чиптеріне қолжетімділігін шектеді.
Ал Қытай бұған жауап ретінде сирек кездесетін металдардың экспортына бақылауды күшейтті, бұл электронды техника, жасыл энергия және әскери өндіріс үшін аса маңызды шикізатқа қатысты шешуші қадам болды.
Бүгінгі кездесуде екі ел арасындағы сауда келісімімен қатар, TikTok-тың АҚШ-тағы болашағы да басты талқылау тақырыптарының бірі болып отыр.