Трамп АҚШ пен ЕО арасындағы сауда байланысын "жиіркенішті" деп атады

АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропалық Одақпен (ЕО) сауда қатынастарын Қытаймен саудадан да "жиіркенішті" деп атады. Бұл туралы ол Ақ үйде журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Олар [ЕО] өте жаман. Мен Еуропалық Одақпен сауда жасауды Қытаймен салыстырғанда көптеген жағынан жиіркенішті деп есептеймін, – деді Трамп.

Президенттің айтуынша, ЕО американдық фармацевтикалық компанияларды өздеріне ұнамайтын өнім шығаруға мәжбүрлейді және жиі түрде оларды сотқа беріп, өз елдерінің сот жүйесін пайдаланады.

Сонымен қатар, Трамп ЕО-ны осы сот процестерінен түскен қаражатты еуропалық саясаткерлердің өз елдерінің мүддесіне жұмсайтынын айтып, айып тақты.

Біз олармен енді ғана айналыса бастадық. Олар жақын арада тынышталады. Олар бізге өте әділетсіз қарады, – деп қосты ол.

Еске сала кетейік, 2 сәуірде Трамп АҚШ-қа жеткізілетін барлық өнімдерге 10% базалық кедендік тариф енгізілетінін хабарлады. Еуропалық елдер үшін бұл көрсеткіш 20%-ға дейін жеткен. Президент бұл күнді "американдықтар қайтадан бай бола бастайтын күн" деп сипаттады.

Алайда, жауап ретінде Еуропалық Одақ елдері АҚШ-қа қарсы шаралар қабылдауға ниетті екенін мәлімдеді. 6 сәуірде ЕО елдері бірігіп, АҚШ импортына 28 миллиард долларға дейін қарсы баж салығын енгізетін шараларды қарастырмақ. 7 сәуірде Еуропалық комиссия осы қарсы шаралар қолданылатын америкалық өнімдердің тізімін ұсынуға уәде берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы