Трамп: АҚШ Иранмен ынтымақтасатын Қытай банктеріне санкция енгізуі мүмкін
Сонымен қатар Трамп Вашингтонның қазіргі уақытта Иранмен келіссөз жүргізуге мүдделі емес екенін мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Иранмен ынтымақтасатын Қытай банктеріне қарсы санкциялар енгізуі мүмкін екенін және мұндай шаралардың барлығы бірдей жария етілмейтінін айтты.
ТАСС агенттігінің мәліметінше, Ақ үйде журналистер Трамптан Тегеранмен жұмыс істейтін Қытай банктеріне шектеу қою мүмкіндігі туралы сұраған.
«Мен мұны істемеймін деп кім айтты? Мен бәрін жариялауға міндетті емеспін», – деді АҚШ президенті.
Бұған дейін АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Вашингтон Иранның кіріс көздерін барынша шектеу мақсатында Тегеранға қарсы санкциялық қысымды күшейтетінін мәлімдеген. Оның сөзінше, АҚШ жаңа шектеулерді сақтамайтын елдерге қатысты қайталама санкциялар қолдануға да дайын.
Сонымен қатар Трамп Вашингтонның қазіргі уақытта Иранмен келіссөз жүргізуге мүдделі емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ Тегеранмен кездесу немесе консультация өткізуге ұмтылып отырған жоқ.
«Біз олармен сөйлескіміз келмейді. Кездесуге немесе соған ұқсас нәрсеге ұмтылмаймыз», – деді ол.
Трамп сондай-ақ Ормуз бұғазының ашық екенін және ол арқылы «миллиондаған баррель мұнай» тасымалданып жатқанын айтты.
Ақ үй бұған дейін Иранмен консультациялар Тегеран туындаған мәселелерді байыпты талқылауға дайын болған жағдайда ғана қайта басталуы мүмкін екенін мәлімдеген.