Трамп "Америка дауысы" радиосының жұмысын тоқтатуға ниетті
АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында "Америка дауысы" (Voice of America, VOA) радиостанциясының жұмысын тоқтату қажет екенін мәлімдеді. Ол бұл медиа құрылымды "демократтардың үгіт құралы" деп атап, радионы жабуға республикашылдарды қолдауға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Неліктен республикашылдар демократтардың "мүйізін" – "Америка дауысын" қолдап отыр? Ешқайсысы оның жұмысын жалғастыру үшін дауыс бермеуі керек, – деп жазды Трамп.
Трамп өз мәлімдемесінде VOA-ны солшыл идеяларды қолдайды деп айыптады және оны АҚШ салық төлеушілерінің ақшасына қаржыландырылатын бейтарап медиа ретінде емес, саяси құрал ретінде сипаттады.
Бұған дейін, 2025 жылдың наурызында Трамп әкімшілігі бюрократиямен күрес аясында бірқатар мемлекеттік мекемелердің жұмысын қысқарту туралы жарлыққа қол қойған болатын. Бұл қысқарту АҚШ жаһандық медиа агенттігін (USAGM) де қамтыды. Аталған агенттік – "Америка дауысы", "Свобода" радиосы және басқа да шетелдік аудиторияға арналған америкалық ақпарат құралдарын үйлестіретін орган.
Алайда кейінірек АҚШ-тың аудандық соты бұл шешімге қатысты тергеу жүргізіп, үкіметті USAGM жұмысын қайта жандандыруға міндеттеді.
"Америка дауысы" – ұзақ жылдар бойы халықаралық аудиторияға ақпарат таратып келе жатқан америкалық медиа. Ол 1942 жылдан бері жұмыс істеп келеді және бүгінде әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да, аудиторияға түрлі тілде жаңалықтар ұсынады. Трамптың бұл бастамасы АҚШ-та сөз бостандығы мен мемлекеттік БАҚ-тың рөліне қатысты пікірталастарды қайта күшейтті.