Трамп 2026 жылдың ақпанында Қытайға сапармен барады

АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессенттің мәліметінше, Америка президенті Дональд Трамп келер жылдың басында Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен Бейжіңде кездесуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.

NBC News телеарнасындағы "Баспасөзбен кездесу" бағдарламасында сөйлеген Бессент Трамп пен Си Цзиньпин 1 қарашадан бастап Қытай тауарларына енгізілмек болған 100 пайыздық жаңа тарифтерді болдырмауға мүмкіндік беретін келісімге қол қоюы ықтимал екенін айтты.

Бұл оқиға әлемдік сауда қатынастары үшін маңызды бетбұрыс болуы мүмкін. Себебі әлемнің екі ірі экономикасы – АҚШ пен Қытай – соңғы жылдары нарықтардағы тұрақсыздық пен дипломатиялық шиеленісті азайтуға ұмтылып келеді.

Трамп жексенбі күні Малайзияға келген. Ол онда Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) саммитіне қатысуда. Бұл бес күндік Азия турнесінің алғашқы аялдамасы, ал сапардың негізгі сәті бейсенбі күні Оңтүстік Кореяда Си Цзиньпинмен өтетін жеке кездесу болмақ.

Бессенттің айтуынша, Трамп Си Цзиньпинге 2026 жылдың басында, яғни ақпанның 17-сінде атап өтілетін Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл қарсаңында Бейжіңге барады деп күтілуде. Сондай-ақ, олардың Вашингтондағы кездесуі күзде Си Цзиньпиннің G20 саммитіне қатысу үшін АҚШ-қа сапары алдында өтуі мүмкін.

Бұған дейін ҚХР Сауда министрінің орынбасары Ли Чэнган Пекин мен Вашингтонның бірқатар маңызды сауда-экономикалық мәселелер бойынша өзара келісімге келгенін мәлімдеген болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы