Тозығы жеткен шорт-трекшілер залы. Министр не дейді?

Орал қаласында шорт-трекшілер жаттығатын залдың тозғаны жайлы Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтан Үкімет кулуарында сұраған едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желіде спорт журналисі Аслан Каженов Оралдағы шорт-трек шеберлері жаттығатын жерден фото жүктеген еді. Шорт-тректің негізі қаланған қалада ұлттық құраманың бұрынғы және қазіргі спортшылары осы залда жаттыққан. Алайда жаттығу залындағы төсеніштердің тозығы жетіп, жыртылған.

Асланның айтуынша, балалар төсенішті мұзға өздері тасып, орнатады.

Ал, енді олардың жаттығатын жағдайын қараңдар. Мына төсеніштерді қолданып жүргеніне 20 жылдан асыпты. Оны балалар мұзға өздері тасиды, өздері орнатады. Жаттығу біткесін өздері жинайды және сол жерде жыртығын жамайды. Масқара ғой. Осыларды естіп, көңілім түсіп кетті. Не деген сорлылық? Не деген бейшаралық? Отандық спортқа жауаптылар, қала берді, облыстық спортқа жауаптылар не дер екен? Жағдайды білесіздер ме? «Бәрін керемет қылдық, бәрін қырып- жойдық» деп есеп бергенде, алдарыңа жан салмайсыңдар. Қай елде әлі күнге дейін осындай төсеніштер қолданады? Қай елде болашақ чемпиондарына осындай жағдай жасайды? Сөз жоқ..., - деп Аслан Каженов Facebook-тегі парақшасында жазба қалдырған.

Ал бұл сұраққа Үкімет кулуарында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жауап берді.

Қазір 176 спорт түрі бар. Шынын айтқанда құзырет министрлік тарапына қарайды. Жергілікті атқарушы билік бар, яғни әкімшіліктер. Барлық спорт түрлерін дамыту аймақтармен қосқанда тұжырымдаманың жобасы әзірленіп, бекітілді. Үкімет қаулысы шықты. Біз қазір жергілікті атқарушы мекемелермен, әкімшіліктермен осы 3 жылда 130-дан астам спорт нысан саламыз. Қай спорт түрі қай аймақта қажеттілігі бар бізге ұсыныс білдіреді. Сонымен қарастырып, бір шешімге келеміз. Өйткені әрбір аймақтың өз ерекшелігі бар. Ресми статистикаға сүйенер болсақ, елімізде 43 мыңнан астам спорт алаңы бар. Бірақ ол қаншалықты рас қаншалықты бар екенін қазір министрлік тарапынан комиссия жұмыс жүргізуді бастады. Қазір екі аймаққа барып жұмыс істеп жатыр. Соның барлығын әзірлеп, сіздерге ақпарат береміз, - деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Аслан Каженов Facebook парақшасынан
Видео: автордан
Өзгелердің жаңалығы