"Құрғаған жерді қайта көгертуге бола ма?": Ел ғалымдары жаңа технологияны таныстырды
Қазақстанда мал шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі мәселелердің бірі – жайылымдардың тозуы.
Әсіресе шөлейт және қуаң аймақтарда өсімдік жамылғысының сиреуі, жердің құнарсыздануы және мал азығы сапасының төмендеуі жиі байқалады. Бұл жағдай мал шаруашылығы өнімділігіне ғана емес, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына да әсер етіп отыр.
Осы мәселені шешу мақсатында қазақстандық ғалымдар деградацияға ұшыраған жайылымдарды қалпына келтіруге арналған жаңа технология әзірледі. Жоба туралы оның авторы ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының бас агрономы Төлеген Бөлековтен сұрадық,деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жайылымдардың тозуы неге алаңдатады?
Ғалым сөзінше, Қазақстанның шөлейт және құрғақ дала аймақтарындағы жайылымдардың едәуір бөлігі деградацияға ұшыраған. Бұл әсіресе Батыс Қазақстан өңірінде анық байқалады.
Батыс Қазақстан өңірінде өсімдік жамылғысының сиреуі, өнімділіктің төмендеуі және мал азығы сапасының нашарлауы байқалады. Осыған байланысты жайылымдардың өнімділігін арттыруға және олардың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған технологияны әзірлеу қажеттілігі туындады,- дейді ол.
Сондай-ақ климаттың өзгеруі мен құрғақшылық кезеңдерінің жиілеуі бұл проблеманы одан әрі күрделендіруі мүмкін.
Үш жылдық зерттеу нәтижесі
Жайылымдарды қалпына келтіру технологиясы бойынша зерттеулер 2024-2026 жылдары жүргізілген. Осы уақыт аралығында ғалымдар әртүрлі шөп құрамдарының тиімділігін, топырақ өңдеу тәсілдерін және өсімдіктердің жайылымдық жағдайдағы төзімділігін зерттеген.
Тәжірибелер барысында жайылымдарды түбегейлі жақсарту технологиясы, көпжылдық шөптердің әртүрлі құрамдағы агрофитоценоздары, топырақ өңдеу тәсілдері, өсімдіктердің өсуі мен дамуы, өнімділігі мен жайылымдық пайдалануға төзімділігі зерттелді,
Зерттеу нәтижесінде Батыс Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайына бейімделген тиімді шешім ұсынылған.
Технологияның ерекшелігі неде?
Жаңа әдістің ғылыми жаңалығы – құрғақшылыққа төзімді бірнеше дақылды бір жүйеге біріктіру арқылы жоғары өнімді агрофитоценоз қалыптастыру.
Ғалымдар еркекшөп, тарлау және эспарцеттен тұратын қоспаның ең тиімді нәтиже көрсеткенін анықтаған.
Ғылыми жаңалық деп, Батыс Қазақстанның шөлейт аймағы жағдайына бейімделген еркекшөп, тарлау және эспарцетінен тұратын жоғары өнімді агрофитоценоз құру технологиясының әзірленуін айтамыз. Ұсынылған әдіс деградацияланған жайылымдарды қалпына келтіріп, тұрақты әрі сапалы мал азығын өндіруге мүмкіндік береді,-дейді агроном.
Әр өсімдіктің өз міндеті бар
Мамандар технология құрамына енген өсімдіктер кездейсоқ таңдалмағанын айтады.
Еркекшөп құрғақшылыққа төзімділігімен ерекшеленеді және ұзақ жылдар бойы өнім бере алады. Эспарцет топырақты азотпен байытып, мал азығының қоректік құндылығын арттырады. Ал тарлау ерте көктемде тез өсіп, күзде қайта көктейтін қасиетке ие.
Осы үш дақылдың үйлесуі жайылым өнімділігін арттырып қана қоймай, өсімдік жамылғысының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Өнімділік бірнеше есеге артады
Зерттеу барысында ең жоғары нәтиже дәл осы үш компоненттен құралған агрофитоценоз көрсеткен.
Эспарцет, еркекшөп және тарлаудан тұратын агрофитоценоз ең жоғары өнімділік көрсетті. Құрғақшылық жағдайында бұл дақылдар тұрақты өсіп, табиғи жайылымдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары өнім қалыптастырды,- дейді маман.
Ғалымдардың мәліметінше, жаңа технология жайылымдардың өнімділігін бірнеше есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Технология өзін қалай ақтайды?
Ұсынылған жүйе бойынша алғашқы бес жылда егілген алқаптар шөп шабуға пайдаланылады. Кейін олар толыққанды жайылым ретінде қолданылады.
Мамандар технологияны қолдану нәтижесінде тозған жайылымдар қалпына келтіріліп, мал азығының сапасы мен көлемі артатынын айтады.
Басқа өңірлерде де қолданылмақ
Жоба Батыс Қазақстан облысының шөлейт аймағына арналып әзірленгенімен, оны еліміздің басқа да қуаң өңірлеріне бейімдеуге мүмкіндік бар.
Ғалымдардың пікірінше, технология Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының табиғи жағдайына да сәйкес келеді.
Климат өзгерген сайын мұндай технологиялардың маңызы артады.
Сарапшылар алдағы жылдары климаттың жылынуы мен жауын-шашынның азаюы табиғи жайылымдардың жағдайына қосымша қысым түсіретінін ескертеді.
Сондықтан құрғақшылыққа төзімді көпжылдық шөптер негізінде агрофитоценоздар құру, жайылымдарды ғылыми негізде пайдалану және деградацияланған жерлерді қалпына келтіру ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін маңызды бағыттардың біріне айналады.
Жаңа технология осы міндеттерді шешуге бағытталған отандық ғылыми әзірлемелердің бірі ретінде бағаланып отыр.