"Тозған техника, дегбірі қашқан дихан". Жетісудағы шаруалардың жағдайы қалай

Жетісуда ауыл шаруашылығына тиесілі 22,3 мың бірлік техника бар. Бірақ оның жартысынан көбінің тозығы жеткен. Қазір шаруалар бірінікін-бірі пайдаланып күнелтіп жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл 2,8 пайызы ғана жаңарған

Аграрлы өңірдің егін шаруашылығында етектен тартқан бір мәселесі – ескірген техника. Бұл проблема бұрыннан бері БАҚ бетінде көтеріліп жүргенімен әлі күнге шешімін таппай келеді. Жыл сайын оның 3-4 пайызы жаңарғанымен, ескі техника саны азаяр емес. Пайдалану мерзімі он жылдан асып кеткен түрлі шаруа көліктерінің алды 20 жылдан бері қолданыста. 

Қазір шағын шаруалар соны сүйрелеп жүр. Оған бір себеп, үлкен қожалықтар ескірген техникасын арзан бағаға шағын қожалықтарға сатады. Ал қалтасы жұқа, қаржысы аз олар қайтсін, соған да разы болып жердің қамына кіріседі. Бұған Алқап күнінде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев былайша жауап берді.

Бүгінде облыста 22 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген. Өкінішке қарай, сол техникалардың басым көпшілігінің тозығы жетіп тұр. Сол себепті, шаруа шаруа қожалықтарына, өздеріңіздегі тіркеліп тұрған техниканың жарамсызын есептен шығару қажет. Осы жылы тәтті түбірге арналған 8 сервистік дайындау орталығын құрудамыз. Сепкіштерді жеке-жеке аудандарға үлестіріп бердік. Жаңа комбайндарды жиын-терін уақытына дейін әкелуі тиіс. Биыл жалпыла алғанда 62 түрлі техника алуды қолға алып отырмыз, - дейді Ә.Жақанбаев.

Оның айтуынша, өңірде жаңа техника, яки 10 жылға дейінгі саны 9,2 мың бірлік, 10 жылдан асқаны – 13 мың бірлікті құрайды. Жыл басынан жаңадан алынған техника саны 360 бірлік, жаңаруы үлесі 2,8 пайыз ғана. Жыл соңына дейін 5,5 пайызы жаңарады деп жоспарлануда.

Көпке мәлім, Жетісу биыл ауыл шаруашылық саласында жаңа белесті бағындыруға бел байлап отыр. Былтырғы нәтижесінен асып түсуге бекінуде. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 7 мың гектарға көбейтіп, 524,8 мың гектарға дейін жеткізбек. 

Соның ішінде тәтті түбірді 11,5 мың гектарға сеуіп, 500 мың тонна өнім жинауды көздеп отыр. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Мәселен, өңірдегі үлкен шаруалардың бірі «Хильниченко и К» СС қызылшаны 301 гектарға сепкен екен. Қазір өңірде 50-ге тарта әртүрлі шаруа иелері қызылшамен айналысады.

Біз биыл былтырғыдан 10 гектарға артық жерге қызылша дәнін септік. Бағалы тұқым алуға шамамыз келмеді. Дегенмен қолда бар техниканың күшімен егу жұмыстарын ерте бастадық. Былтыр көңілдегіміздей шыққан. Тек жиын-терін уақытында техника тапшылығы сезілді. Комбайндар ауданда жоқтың қасы. Енді мұнда оншақты шаруа қожалығы бар. Оларға қарайтыны 2-ақ комбайн. Әрине күтуге тура келеді. Былтыр алуға оқталған едік, реті келмеді. Биыл да қол қысқа болды, келер жылы аламыз деп отырмыз. Себебі, терім уақытында ауа райы күрт бұзылып кетсе еңбегіміз рәсуә болады, - дейді қараталдық шаруа иесі Еркін Ұстахан.

Жаңбырлатып суаруға бәрінің шамасы жетпейді

Егінді суару мәселесі де күн тәртібінде тұрған түйткіл. Қазір өңірде су шаруашылығы нысандарын жаңғырту жобалары қолға алынуда. Аудандарда суару желілерін қайта жабдықтау жұмыстары жыл сайын жүреді. Одан бөлек жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесін пайдаланып жатқан шаруалар да бар. 

Мәселен, Панфилов ауданын алып қарайық. Жаркент топырағында 2 128 гектар егістікке тамшылатып һәм жаңбырлатып суару тәсілі қолданылады. Тіпті 4 жылдан бері осы тәсілге еик сүйеген дихандар да бар. Атап айтсақ, «Жаркент-фрукт» шаруа қожалығы мыңнан астам гектерға жеміс бағын отырғызған, енді соны заманауи әдіспен суарып жүр. 

Одан бөлек «Көктал-Агро» қожалығы да 303 гектар егістік алқабын тамшылатып, 300 га көпжылдық шөбі мен жүгерісін жаңбырлатып суғарып жүргеніне 5 жылға жуықтады.

Біздің өңірді топырағы құмды келеді, оның үстіне күннің аптап ыстығы жеміс жапырақтарын сарғайтып жібереді. Сондықтан үнемі суарып тұруымыз шарт. Су желілерін пайдалануға да болады, бірақ оның жұмысы көп, суға да ысырап. Ал жаңа технология қай жағынан да қолайлы. Біздің жаңбырлатып суару тсілін қолданып келе жатқанымызға біраз болды. Әрине апараты өте қымбат кез келген шаруаға тие бермейді. Дегенмен мол өнім алу ұшін осы қадамға барған абзал. Қазір жыл сайын облысты құрғақшылық басып барады. Оған бір себеп, жыл санап егістік көлемі өсуде әрі су арналарын реттелмеген, - дейді шаруа иесі Қанат Тастыбаев.

Дегенмен, жаңбырлатып суаруға барлық шаруаның шамасы жетпейді. Қазір жаркенттік дихандар біртіндеп осы әдіске көшіп жатыр. Себебі тиімділігі орасан. Бұған Қоңырөлең ауылдық округі де қосылған. Ондағы тұрғындар 72 гектар көпжылдық шөпті жаңбырлатып суарып жүр. 

Сондай-ақ «ОТ Агрохолдинг» кәсіпорны да, «Нұрқайрат», «Айгерім», «Айсұлтан», «Илманов.Қ» шаруа қожалықтары да осы әдіске бет бұрған. Тіршілік көзін үнемдеген кәсіп иелері бүгінде өнімді жұмыс істеп жатыр.

Облыста суармалы егістік көлемі 200,7 мың гектарды құрайды, бұл жалпы егістік алқабының 38пайызы, яки 524,8 мың га. 2023 жылы су үнемдеу технологиясын қолдану 1,3 мың гектарға артып 9,3 мың гектарға жеткізілді. 2022 жылы 8 мың га болған еді. Бүгінде 2,5 мың га – тамшылатып, 6,8 мың га – жаңбырлатып суғарады. 

Жалпы суармалы егістікті қамту үлесі 200,7 мың га, бұл жалпы өңірдегі егістіктің 4,6 пайызын құрайды. Осы жылы 21,9 мың гектарға ұлғайтылып 31,2 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Нақтылай кетсек, 7,5 мың га – тамшылату, 23,7 мың га – жаңбырлау тәсілін пайдаланбақ.

Биыл 3 мың гектар жерге 9 жоба іске асырылады деп күтілуде. Ақсу-«Агро Север Инвест» ЖШС-432 га, Алакөл-«Архарлы Майбүйрек» ЖШС-750 га, Қаратал- «Гладиус» ЖШС-88 га, Көксу-«Алан» ШҚ-200 га, «Тәуелсіздік» ЖШС-40 га, «Смарт Агро 2024» ЖШС-667 га, Кербұлақ-«Қызылшоқы» ЖШС-150 га, Панфилов- «Көктал Агро» ЖШС-460 га, Талдықорған-«Жер Ана» ШҚ-200 га егістіктеріне заманауи техниканы қолданбақ.

Осы тұста тағы бір мәселені шетін шығарсақ. Ол баяғы жүгерінің жайы. Былтыр ауылшаруашылығы министрі жүгеріні азайту керек дегенмен, шаршалар одан бас тарта алмайды. Сұраныс барда еңбектене бермек. Бірақ осы «сары алтын» дәннің көлемін игеруге қажетті техника аз. Сол себепті жеке шаруа қожалықтары тапқан табысын ауылшаруашылығы техникаларын сатып алуға жұмсауда. 

Жер өңдейтін темір көліктерсіз іс бітпейді. Мысалға, аталған өңірде 1 231 техника науқанға қатысып жатыр. Жыл басынан бері 80 миллионнан астам теңгеге түрлі қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған.

Кооперативтер көптеп құрылуда

Жетісуда техникаға зәрулікті шешу үшін кооперативтер көптеп құрылуда. Әсіресе ақсулық шаруалар солай қарекет етіп жатыр. Бірлесіп техника сатып алып, егістігіне кезкепен кезек пайдалнуда. 

Былтыр Б.Сырттанов ауылында жергілікті««Бауыр» кооперативінің негізін қалады. Ондағы мақсат қымбат заманауи техниканы ортақ ақша шығарып сатып алып, қызылша егуге қолдану. Олар осы ретте мемлекеттен 27,6 млн теңге несие алған.

Жігіттермен өзара келісіп, аяқтан тартқан мәселелерді бірлесі жеңуге бел байладық. Қуанышымызға орай, «Ауыл аманаты» жобасы ісімізді жандандырып жіберді. Ауылтастар ақылдасып, шағын шарулардың басын қостық. Тозған техникамен іс өңбейтіні белгілі. Осы орайда кооперативтерге берілетін жеңілдетілген несиеден 27 млн 600 мың теңге қаражатқа трактор, тиегіш, соқа және қызылша сепкіш сатып алдық. Осы жылы 10 га тәтті түбір, 10 га арпа, 5 га жоңышқа ектік. Қызылшаға көп көңіл бөлудеміз, себебі тиімді дақыл болып тұр. Биыл жақсы нәтиже көрсесек, келісі жылы суармалы жерлердің көлемін еселейміз. Тіпті 50 гектарға қызылша себуге шамамыз жетеді, - дейді кооператив директоры Бауыржан Бақытжанұлы.

Әрине, ауыл азаматтарының бұл қарекетіне көңіл сүйінеді. Бір жағынан тоған техниканы жаңартуға әрбірінің жеке шамасы жетпейді, осылай біріксе ғаан істің берекесі кіретіні анық. Бұл бір жағынан елді мекендерде кәсіпкерлікті дамытуға және ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға үлкен сеп болады. 

Мәселен «Бауыр» кооперативінің құрамында 5 шаруа қожалығы бар. Оның екеуі – үлкен, үшеуі – кіші серіктестіктер. Олардың меншігінде жүз гектардан астам жер көлемі бар. Оның ширегі суармалы жер есебінде тіркелген.

Аталған кооператив өкілдері алдағы уақытта қызылша жинайтын комбайн алуды жоспарлауда. Қазір қолда бар техникаларын өздері қолданып қана қойып жатқан жоқ, аудандағы өзге де шаруа қожалықтарына жәрдемдесуде. Оларға жер жырту, шөп шабу сияқты жұмыстарға ақылы қызмет көрсетіп келеді.

Техникасы тапшы шағын шаруалар үшін бұл да үлкен көмек. Ол ол ма, күзге таяу жиын-терін басталғанда ауыл азаматарын жұмыспен қамтымақ ниетте. Сушы, қызылшашы секілді еңбек қолдары ауадай қажет.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы осындай қиындықтарды есеруге көп көмегін тигізіп жатыр. Қазір ауыл азаматтары егін басында жүр. Бірігіп еңбек етудің пайдасы мол екенін түйсініп, кооператив құруда. Округте тағы осылай бірлесе жұмыс істейміз деген азаматтар көп. Шағын шаруасын үлкейтіп ортақ күш жинап нәтижеге жетсе, тағы да егістік көлемін арттыруға жол ашылмақ, - дейді ауыл әкімі Әділжан Сүлейменов.

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйнесек, өткен жылы облыс көлемінде 15-ке жуық кооператив құрылған екен. Оның екеуі 54,6 млн теңге жеңілдетілген несиеге ие болған. Осы жылы тағы да 8 кооператив құрылады. Бұл техника, су секілді егін шаруасына қажет дүниелерді шешуге көмектеседі.

Айта кетейік, биыл қант қызылшасы бағытында жаңадан 8 сервистік даярлау орталықтары құрылған. Жалпы облыста 2,5 млрд теңгеге жаңа техника алынған екен. Түстеп айтсақ, сепкіш – 28, комбайн –19, жапырақ тазартқыш –15. Бүгінде 26 сепкіш шаруашылықтарға берілген. Жыл сонына дейін қожалықтар тағы да біраз құрал-жабдықтар алуды жоспарлап отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы