Бүгiн 2026, 17:25 Фото: istockphoto.com

«Тозақ қақпасы ашылады»: Тегеран Трамптың талабына сес көрсетті

Иран билігі Трамптың 48 сағаттық ультиматумын қабылдамай, АҚШ тарапынан жаңа соққы болса, «тозақ қақпасы ашылатынын» айтты.

Иран билігі АҚШ президенті Donald Trump қойған, мерзімі екі тәуліктен кейін аяқталатын ультиматумға қатаң жауап берді. Мұндай ұстанымды бірден бірнеше ирандық жоғары лауазымды тұлға мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ DW-ге сілтеме жасап.

Сенбі, 4 сәуір күні Трамп Иранға АҚШ-пен келісім жасау үшін 48 сағат қалғанын, әйтпесе қуатты шабуыл жасалатынын еске салды.

Иранға келісім жасауға емесе Ормуз бұғазын ашуға он күн бергенімді ұмытпаңыздар. Уақыт өтіп барады: оларға тозақтың барлығы төніп келуіне 48 сағат қалды, – деп жазды америкалық көшбасшы Truth Social әлеуметтік желісінде.

Тегеран бұл ультиматумды қабылдамай, АҚШ президентінің өзін «тозақтың түбіне жібереміз» деп жауап қатты.

Иран сені де, сарбаздарыңды да тозақтың түбіне тікелей жібереді: сендерге әрдайым лайық орын сол болған, – деп жауап қайтарды X әлеуметтік желісінде Трамптың сөзіне жауап ретінде Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің басшысы Эбраһим Азизи.

22 наурызға қараған түні Трамп Тегеранға дәл осындай 48 сағаттық ультиматум  қойған еді. Сол кезде де ол Ормуз бұғазындағы блокаданы алып тастауды талап етіп, бұл орындалмаса, америкалық әскерилер Иранның энергетикалық нысандарына соққы жасайтынын ескерткен. Кейін Ақ үй басшысы Иранмен келіссөздерге сілтеме жасап, ультиматум мерзімін бірнеше рет кейінге шегерген болатын.