Пикаппен мал жаятын 72 жастағы қария
Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласының тұрғыны, «Қара Ертіс» шаруа қожалығының иесі, 72 жастағы Жеңісбек Кәрібаев Қара Ертіс бойындағы «Ақжон» жайылымында отыр. Ол неге мал шаруашылығын берекелі кәсіп деп санайды? Неліктен Қара Теңізден - Қара Ертісті артық көреді? Жайылымдық жерде қой, сиырларды не себепті жылқы емес, Toyota Hilux-пен бағады? Ол ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жету арқылы кімнен кек алғысы келді? Алдағы уақытта қандай кәсіп түрін қолға алмақшы? 72 жастағы кәсіпкер осы және басқа да сұрақтарға жауап беріп, болашақ жоспарымен бөлісті.
Шой ана
Жеңісбек Кәрібаев: Сталиндік репрессия жылдары менің атам – Кәрібай мен апам – Шойдың жеті қызы мен екі ұлы болған. Шой ана ұрпағын аман алып қалу үшін жеті қызын туыстарына, үлкен ұлы – Қалиханды танысына қалдырып, кіші ұлы – Қаламитанды Қытайға алып кетеді. Атам – Кәрібай 1933 жылы «халық жауы» атанып, ату жазасына кесілген. Оның жеке меншік жерін тартып алып, 1000 жылқы, 2000 ұсақ малын кәмпескелеген. Бұл оқиға туралы естіген Шой ана «Өлсем – туған жерімде өлейін» деп, Зайсаң өңіріне оралады. Ол кезде оның жеті қызынан екі қызы ғана аман қалған. Қалғанын қорлап өлтірген. Бұл туралы есіме алған күні мен түнде ұйқымнан, күндіз күлкімнен айырыламын... Дегенмен, Қалихан ұлымен Қара Ертіс бойында қауышқан Шой әжем немере, шөберелерінің қолынан су ішкен, тәуелсіздіктің дәмін татып кеткен бақытты жан деп ойлаймын. Ол 103 жасында өмірден озды.
BAQ.KZ: Демек, Сіздің мал шаруашылығын қолға алуға осы оқиға себепші болды ма?
Жеңісбек Кәрібаев: Мен сол зұлмат жылдары елде қалған Қалиханның ұлымын. Әкемнің көзіне жас ала айтып отыратын әңгімелерін естігенде «Ата-бабам аманат еткен жерді қайтып алып, төрт түлігін түлетіп, жауда кеткен кегімді алам!» деген серт бердім. Жаңағы оқиғалардың бәрі Қара Ертістің бойында өткен еді. Кейін иелігімдегі сауда үйін де, шаруақожалықты да Қара Ертістің атымен атадым. Мақсат орындалды деуге болады, себебі қазіргі уақытта 3500 асыл тұқымды байыс қойын, 1700 жылқы мен 800 бас сиырды қалпына келтірдім.
Байыс қойының болашағы зор
BAQ.KZ: Мал шаруақожалығы мен сауда үйінің ашылуы туралы толығырақ айтсаңыз...
Жеңісбек Кәрібаев: 1979-1991 жылдар аралығында Зайсан ауданы Сауда мекемелерінің басшысы қызметін атқардым. Қандай қызметте жүрсем де әкем айтқан әңгімелер мен өз-өзіме берген серт ой-санамнан шықпады. Ақыры тәуекел етіп, 1996 жылы Қалбатаудан жиырмаға жуық асыл тұқымды байыс қойы мен бес-алты бас ақсарбас сиыр алып келіп, мал өсіретін шаруақожалықты қолға алдым. Ол кезде өзіміздің шағын дүкеніміз болған еді. Жинаған қаражатқа бұрын бабаларымның еншісінде болған «Ақжон» жайылымдық жерін сатып алдым. Ал сауда үйі 2003 жылы ашылды.
BAQ.KZ: Төрт түлікті түлетудің артықшылығы мен қиындығы қандай?
Жеңісбек Кәрібаев: Бейбіт күнде қандай кәсіп түрін қолға алсаң да – жолың болады. Бастысы – ниет пен еңбек ету. Репрессия жылдары ата-бабаларымызға 2 сиыр, 5 қой ұстауға ғана рұқсат етіп, қалғанын тартып алған. Ал мен сол заманда өмір сүрсем не болар еді? Түрмеге қамалып, қолда барымды көбейте алмас едім. Ал қиындығы – қазіргі уақытта адамдардың тұрмыс-тіршілігі жақсарғаны сондай, ешкім мал баққысы келмейді. Мал бағуды ар санайды. Сақман кезінде ақылы түрде көмектесетін адам таппай қаламыз. Әкім-қаралар облыс орталығына барып, есеп бергенде ауданда мал шаруашылығы дамып жатқанын айтады, бірақ ол қалай дамып жатқанынан хабарсыз. Қазір әкімдердің де құқығы шектеулі. Заң бойынша, шенеуніктер кәсіпкердің қалын сұрап, көмектесуге ұмтылса – жемқорлық бабы бойынша айыпталуы мүмкін екен. Міне, қандай қарама-қайшылық!
BAQ.KZ: Байыс қойының ерекшелігі неде?
Жеңісбек Кәрібаев: Ақселеу көп өсетіндіктен, бұл жер «Ақжон» жайылымы деп аталады. Ақселеу мамырдың 25-інен кейін пісіп-жетіледі. Ол өсетін жер жылы болады. Мысалы, күн райы 30 градус жылылықты көрсетіп тұрса, ақселеу өсіп тұрған жер 40 градус ыстық болып тұрады. Батпақты жерден екі мая шөп шапқанша, осы ақселеудің бір маясын шауып алған артық, бірақ бұл шөптің зиянды жағы да аз емес. Ақселеудің басында үшкір тікен болады. Ол денеңе кіріп кетсе, кірген жерінде қадалып тұрмай, келесі бір бөлігін тесіп шыққанша жүре береді. Тіпті қойдың терісінен, етінен өтіп, жүрегіне дейін барады. Одан қой өліп кетуі де мүмкін. Ал байыс қойының жүні қалың болғандықтан – оған тікен кірмейді. Жүні ақ болғандықтан, бояуға да ыңғайлы. Күйі жақсы болса, салмағы 70-90 кг болады. Түйенің жүнінен жылы нәрсе жоқ, одан кейінгі жылы жүн – байыс қойыныкі. Біз ұлтарақ жасауды қолға алдық. Қырғыздың қара қойының жүнінен жасалған ұлтарақ пен байыс қойының жүнінен жасалған ұлтарақты салыстырып көріңізші. Қайсысы жеңіл, қайсысы жылы?
«Қой терісіне түсіруді қолға алам» (Шелге орау)
BAQ.KZ: Қойларды көңіліңіз қалағанша көбейттіңіз. Ендігі жоспар қандай?
Жеңісбек Кәрібаев: Жуықта Біріккен Араб Әмірліктерінен ет сатумен айналысатын азамат келді. 2005 жылдан бастап Қырғызстан мен БАӘ арасында ет тасиды екен. Енді Қазақстандағы жағдайды көруге келіпті. Біздің жайылымға келіп, таң-тамаша болды. Қара Ертістің арғы жағы дымқыл, сазды жер болса, бергі жағы құмды жер екенін, мұндай жердің шөбін жеген малдың еті дәмді болатынын айтты. Олар тек тоқты мен еркек тайыншаның етін ғана жейді екен. Бізден ет сатып алу үшін бірнеше талап бар екен. Біріншіден, етті 5-10 градуста салқындатып, сыртынан ауа өткізгіш екі қабатты дәкемен қаптап, арнайы контейнерге салу керек. Одан кейін бірден БАӘ жіберу керек. Ол біз жақта мал соятын арнайы технология жоқ екенін және әуежай жағдайы талапқа сай емес екенін айтты. «Біріккен Араб Әмірліктерінде 1 тоқтымен бір той жасаймыз. Қой етін жуып, жұға етіп тіліп, ортасына салат салып, дастарқанға қоямыз. Ал сіздер жақта қаншама ет ысырап болып жатыр» деді. Жақын болашақта қойға қатысты жақсы жоспарым бар.
BAQ.KZ: Қандай жоспар? Толығырақ...
Жеңісбек Кәрібаев: Қара Ертісте 1976 жылы салынған көпір бар. Бұл көпір әуел баста Боран ауылының маңында салынбақшы болған, бірақ ол жерге көпір салынса, ұзындығы 4 шақырым болар еді. Ал Қара Ертіс енінің ең тар жері – дәл осы жер. Көпір салушыларға әкем «Көпірді осы жерге салғандарың дұрыс. Қазіргі көпір салғалы отырған жерлерің құмды жер. Ол жердегі өзен арнасы да ауысып отырады, ал мен айтқан жерде өзен арнасы ауыспайды» деп кеңес берген екен. Қара Ертіс маңы туризмді дамытуға ең қолайлы жерлердің бірі. Бұл жерде су да, мал да, табиғат та – бәрі бар, тек сервистік қызмет көрсету жүйесін дамытатын мамандар қажет. Қазақ халқы суық өткен, жел-құздан қозған буын ауруын емдеу үшін сырқат адамды қой терісіне түсіріп емдеген (шелге орау-ред.). Болашақта Қара Ертіс жағасына шипажай салып, демалушыларға қой терісіне түсіру ем түрін ұсынбақпын. Қыркүйек, қазан айында шелді, күйі жақсы қойды бітеудей сойып, сырқат адамды ішіне кіргізіп, қаптап қояды. Сол кезде зиянды құрттар сырттағы ағзаға қарай ұмтылып, адам ағзасынан шығып кетеді екен. 3500 қойым болса, неге адамдарды теріге түсірмеске?
Toyota Hilux – мал бағуға қолайлы көлік
BAQ.KZ: Күніңіз қалай өтеді? Жылқы, қой, сиыр арасында атпен емес, машинамен жүреді екенсіз...
Жеңісбек Кәрібаев: Таңның атысымен сауда үйіндегі шаруаларды реттеп, әлдебір өтінішпен келген адамдарды қабылдап, түске қарай жайылымға кетемін. Күн сайын малшыларға азық-түліктерін, көмекшілер мен қажет техниканы жеткізіп отырам. Күн сайын жылқы, қой, сиырларды көріп, аптасына бір рет санап шығамыз. Әртүрлі жерде жайылатындықтан, уақыт жоғалтып алмас үшін машинамен жүрем. 1998 жылдары Нива көлігімен жүріп, жаңасына ауыстырып отыратынмын. Ал қазіргі уақытта Toyota Hilux көлігімен жүрем. Кешке қарай көлікке 5-6 қойды салып алып, үйге қайтам. Бұл – жұмысқа салуға өте қолайлы көлік. 2-3 жылда дәл осы көліктің жаңасын алып, жаңартып отырам.
«Қара теңізден Қара Ертісім артық»
BAQ.KZ: Шетелге қаншалықты жиі шығасыз?
Жеңісбек Кәрібаев: Шетелге жиі бармаймын. Оның да өзіндік себебі бар. 1984-1985 жылдары Зайсан аудандық пионер лагерінде жұмыс істеген едім. Жақсы жұмыс істегенім үшін аудандық кәсіподақ ұйымы мені Қара теңізге демалуға жіберді. Қара теңіздің жағасында ине шаншар орын болған жоқ. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдар теңіз суына шомылып, балшығымен емделіп жатыр. Арасында экзема, псориаз және тағы да басқа тері ауруларына шалдыққан адамдар бар. Олар түскен суға мен түсуге жүрегім дауаламады. «Қара теңізден Қара Ертісім мың есе артық!» деген оймен келген жағыма қайтып кеттім… Он күнге деп жоспар құрып кеткен демалысым бір-ақ күнге созылды. Сол жағдайдан кейін мен үшін әлемдегі ең таза, ең жақсы, ең жанға жайлы демалыс орны – Қара Ертістің жағасы екендігін түсініп қайттым. Екінші рет 1-2 жыл бұрын денсаулық жағдайыма байланысты Оңтүстік Кореяға бардым. Ол жақта да әрі тамсанып, әрі туған жерімді аңсап қайттым.
BAQ.KZ: Кореяның туған жеріңізден, ал туған жеріңіздің Кореядан несі артық екен?
Жеңісбек Кәрібаев: Ол жақта медицина саласы мықты дамыған. Емделу барысында қасымда жеті маман еріп жүрді. Түстен кейін денсаулық жағдайыма қатысты барлық сараптама дайын болып қойды. Ал Қазақстанда керекті сараптама жасату үшін қанша күн, неше есік тоздыруың керек? Кешке қарай дәрігер денсаулық жағдайыма қатысты барлық мәліметті айтып берді. Мойныма ота жасату керек екенін айтқанда бас тартпақ болдым. Жасым болса жетпістен асты дегендей... Бірақ олар жүрек, өкпе, бүйрек сияқты барлық органдарым жақсы жұмыс істеп тұрғанын, тіпті сүйегімнің құрамындағы су, минералды заттар мен майдың мөлшеріне дейін айтып берді. Ертеңінде ота жасалды. Отаны тамағымды тілу арқылы жасады. Тыртық ізі қалмағанына қайран қалдым! Ал, әттеген-айы сол – биік үйлер, тар бөлмелер. Кеңдікке, еркіндікке үйреніп қалған мен әдеттегідей туған жерімді, кең даламды, өзен суын аңсадым. «Туған жердей жер болмас» деген осы...