7 Тамыз 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы/ЖИ

Тойға заң керек пе: Қазақстандықтар бір жылда қанша қаржы жұмсайды?

Қазақстанда той өткізу – жеке отбасының қуанышы. Алайда оның әлеуметтік және экономикалық салдары бір шаңырақтың шеңберінен әлдеқашан шығып кеткен. Бір отбасы жылдар бойы жинаған ақшасын бір кешке жұмсаса, енді бірі несие рәсімдейді. Кейбір тойханалар түн ортасына дейін музыка қойып, тұрғындардың тыныштығын бұзады. Ал әлеуметтік желіде асабалардың қонақтарды ыңғайсыз жағдайға қалдыратын бейәдеп ойындары жиі сыналады.

Осыдан кейін Қазақстанға той өткізуді реттейтін арнайы заң қажет пе деген сұрақ туындайды. BAQ.KZ тілшісі қазақстандықтардың тойға шамамен қанша қаржы жұмсайтынын есептеп, көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеді.

Бір тойға қанша ақша кетеді?

Қазақстанда үйлену тойына жұмсалатын жалпы шығын бойынша ресми бірыңғай статистика жүргізілмейді. Сондықтан той индустриясының көлемін тіркелген неке саны мен нарықтағы қызмет бағасы арқылы ғана шамалауға болады.

Нарықтағы бағаларға сүйенсек, Қазақстан қалаларында 100 адамға арналған тойдың құны шамамен 650 мың теңгеден басталып, 10 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін. Жалпы шығын қалаға, тойхананың деңгейіне, мәзірге және қосымша қызметтердің санына байланысты өзгереді.

Мәселен, Алматыда қарапайым тойды орта есеппен 1,5–2,5 млн теңге көлемінде өткізуге болады. Ал қымбат мейрамхана, кеңейтілген мәзір және толық қызмет таңдалса, шығын 6 млн теңгеден асуы ықтимал.

Астанада үнемді той шамамен 1,7 млн теңгеден басталуы мүмкін. Ал ауқымды жиынның жалпы құны 6 млн теңгеге дейін барады. Шымкентте 100 адамға арналған дастарқанның өзі шамамен 2–6 млн теңге тұруы ықтимал. Асаба, музыканттар, безендіру, фото-видео қызметі мен аппаратура қосылған кезде жалпы шығын 10 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Өскемен мен Таразда толық бағдарламасы бар тойдың орташа құны шамамен 3,5 млн теңге деп бағаланады.

Ал Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Талдықорған және бірқатар басқа өңірде 1–3 млн теңге аралығындағы нұсқалар кездеседі.

Бұл есепке көбіне тойхана, дастарқан, асаба, аппаратура мен негізгі бағдарлама кіреді. Ал сақина, қалыңдық пен күйеу жігіттің киімі, көлік, фото-видео, құдалық, сырға салу, қыз ұзату және басқа рәсімдер толық есептелмеуі мүмкін.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда 115,9 мың неке тіркелген. Оның 78,9 мыңы қалалық, 37 мыңы ауылдық жерде қиылған.  Егер барлық некеге тұрған жұп той өткізді деп шартты түрде алып, әр тойға орта есеппен 2–4 млн теңге жұмсалды десек, жалпы шығын:

232–464 млрд теңге шамасында болуы мүмкін.

Алайда бұл – ресми статистика емес, нарық бағасына негізделген сценарийлік есеп. Кейбір жұп той өткізбейді немесе шағын форматты таңдайды. Ал кейбір отбасылар негізгі үйлену тойынан бөлек құдалық, қыз ұзату, сырға салу және басқа жиындарға қосымша қаржы жұмсайды. 

Бұған дейін EconomyKZ платформасында жарияланған тәуелсіз есепте Қазақстандағы той шығыны жылына 123–410 млрд теңге аралығында бағаланған. Авторлар 2024 жылы қалалық жерде тіркелген некелер санын және бір тойға кететін шамамен 1,5–5 млн теңгелік банкет құнын негізге алған. Бұл есепке киім, сыйлық, асаба, фото-видео және басқа қызметтер толық кірмеген. Демек, есептеу тәсілі әртүрлі болғанымен, Қазақстандағы той индустриясының жылдық айналымы бірнеше жүз миллиард теңгеге жетуі ықтимал.

Той бір жылдық табысқа тең

2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы медианалық жалақы 331 527 теңге болды. Орташа жалақы 461 486 теңгені құрады. Медианалық көрсеткіш жұмыс істейтін азаматтардың жартысы 331 мың теңгеден аз, қалған жартысы одан көп табыс алатынын білдіреді. 

Медианалық жалақымен салыстырсақ, 2 млн теңгелік той бір адамның шамамен алты айлық жалпы табысына тең. 4 млн теңге – бір жылдық, ал 6 млн теңге – бір жарым жылдық жалақы.

Бұл жерде адамның күнделікті тамақ, баспана, коммуналдық қызмет, көлік, емделу және басқа қажеттілігіне жұмсалатын қаражат есептелмеген. Сондықтан үлкен тойды тек еңбек табысы есебінен өткізу үшін көптеген отбасы бірнеше жыл ақша жинауға немесе қарыз алуға мәжбүр болады. Сонымен бірге той индустриясын тек ысырап көзі ретінде қарастыру да дұрыс емес. Тойханалар аспаз, даяшы, музыкант, асаба, фотограф, оператор, жүргізуші, дизайнер, флорист және техникалық мамандарды жұмыспен қамтиды. Мәселе той бизнесін тоқтатуда емес, отбасының мүмкіндігінен артық шығындалып, әлеуметтік бәсекеге түсуінде болып отыр.

«Мәселе тойдың өзінде емес»

Экономист Сапарбай Жұбаев Қазақстандағы той мәселесін екі қырынан қарастыру қажет екенін айтады.

Біріншісі – ата-бабадан жалғасқан ұлттық салт-дәстүр. Шілдехана, бесік той, тұсаукесер, тілашар, сүндет той және үйлену тойы қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан.

Екінші мәселе – тойдың даңғазалық пен әлеуметтік бәсекеге айналуы.

«Мәселе тойдың өзінде емес, шамадан тыс шығындалып, мүмкіндігінен артық той жасауда. Кейбір адамдар тойды әлеуметтік мәртебесін немесе байлығын көрсету құралына айналдырады. Қаржылық жағдайы жетпесе де, «жұрттан қалмайық», «ел не дейді?» деген түсінікпен несие алады. Кейін қарыздың салмағы жас отбасыға немесе олардың ата-анасына түседі», – дейді экономист.

Сапарбай Жұбаевтың пікірінше, қазақтың дәстүрлі тойларын тоқтатудың қажеті жоқ. Алайда кез келген жиын отбасының табысы мен қаржылық мүмкіндігіне сай ұйымдастырылуы керек.

Экономист үйлену тойына шақырылатын қонақ санын 120 адамнан асырмауды ұсынады. Бұл – қолданыстағы талап емес, сарапшының жеке ұсынысы.

«Тойды 50–60 адаммен де өткізуге болады. Пандемия кезінде 20–30 адаммен өткен тойлар болды. Соған қарамастан ешкімнің қуанышы кеміп қалған жоқ. Бізге қарапайым той өткізу мәдениетін жалғастыру қажет», – деді ол.

Байлар мен билік өкілдері қандай үлгі көрсетеді?

Экономист қоғамдағы ауқатты және ықпалды адамдардың мінез-құлқы қарапайым халықтың тұтыну мәдениетіне әсер ететінін айтады.

Оның сөзінше, билік өкілдері, бизнесмендер мен қоғамға белгілі азаматтар бірнеше жүз адам шақырып, салтанатты той ұйымдастырған кезде, халықтың бір бөлігі оны табыстылық пен беделдің белгісі ретінде қабылдайды.

«Қоғамның жоғары тобы даңғазалықты қалыпты құбылыс ретінде көрсеткенде, қарапайым халық та олардан қалыспауға тырысады. Қаржылық мүмкіндігі жетпесе де, «біз олардан кембіз бе?» деген оймен несие алып, үлкен той өткізеді. Егер билік пен элита өкілдері тойларын 100–120 адамның қатысуымен қарапайым өткізе бастаса, халық та соны үлгі ретінде қабылдар еді», – дейді Сапарбай Жұбаев.

Сарапшы бұл мәселенің тек үйлену тойына қатысты емес екенін атап өтті. Қырқын, жылын өткізу, мерейтой, қызметке тағайыну немесе басқа да оқиғаға байланысты жасалатын ауқымды дастарқандар да қоғамда жасанды бәсеке туғызуы мүмкін.

Асабалардың бейәдеп ойындарын заңмен тоқтатуға бола ма?

Қазақстанда асабалардың жұмысын жеке реттейтін арнайы заң немесе міндетті кәсіби стандарт жоқ. Той бағдарламасы көбіне тапсырыс беруші мен жүргізушінің өзара келісімі бойынша жасалады.

Алайда тойда кез келген әрекетке рұқсат берілген деген сөз емес.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабында қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, адамдарға қорлап тиісу, айналадағыларды сыйламауды білдіретін және қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттер ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылған. Кодекстің 437-бабы тыныштықты бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейді. 

Асабаның сәтсіз немесе талғамсыз қалжыңының бәрі автоматты түрде құқық бұзушылық саналмайды. Бірақ қонақты көпшілік алдында қорлау, балағаттау, күшпен ойынға қатыстыру, еркінен тыс денесіне қол тигізу немесе қоғамдық тәртіпті бұзу заңдық жауапкершілік мәселесін туындатуы мүмкін.

Бұл салада «әдепсіз ойын» деген жалпылама ұғымнан гөрі нақты талаптар қажет. Мысалы, қонақты келісімінсіз ойынға шығармау, адамның сыртқы келбетін, отбасылық жағдайын немесе жеке өмірін мазақ етпеу, интимдік сипаттағы тапсырмалар бермеу, балаларды ересектерге арналған ойындарға араластырмау және адамның рұқсатынсыз видеосын жарияламау секілді нормалар енгізілуі мүмкін.

Мұндай талаптар асаба мен тапсырыс беруші арасындағы жазбаша келісімшартта көрсетілсе, дау туындаған жағдайда жауапкершілік кімге жүктелетіні түсінікті болар еді.

Қырғызстан қандай шектеу ұсынды?

Қырғызстанда той мен ас рәсімдеріндегі ысырапты азайту саясаты 2022 жылдан бері жүргізіліп келеді.

2022 жылғы 24 ақпанда Қырғызстан президентінің отбасылық салтанаттар мен еске алу рәсімдерін ретке келтіру жөніндегі №54 Жарлығы қабылданды. Құжат азаматтарды шараларды қаржылық мүмкіндігіне қарай өткізуге, ал мемлекеттік және муниципалдық қызметкерлерді қарапайымдықтың үлгісін көрсетуге шақырады. 

2026 жылғы 16 қаңтарда осы жарлықты іске асыруға арналған жаңа қаулы жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Жобада той мен басқа отбасылық жиындарға 200 адамнан артық шақырмау, 350 адамнан асатын аса ірі тойларға жол бермеу, бір ірі қарадан немесе бір жылқыдан артық соймау ұсынылған. Сонымен бірге үш көліктен ұзын кортеж ұйымдастырмау, отшашу мен шамадан тыс шоу-бағдарламалар өткізбеу, қымбат сыйлық талап етпеу және отбасыларды қарызға итермелейтін рәсімдерді қысқарту қарастырылған. 

Алайда аталған талаптар 2026 жылғы қаңтарда қаулы жобасы ретінде жарияланды. Сондықтан оны Қырғызстанның барлық аумағында күшіне енген түпкілікті тыйым деп көрсету дұрыс емес.

Өзбекстанда тойға 200 адамнан артық шақыруға болмайды

Өзбекстанда тойлар мен отбасылық салтанаттарды реттеу жүйесі әлдеқайда қатаң.

Қолданыстағы тәртіп бойынша отбасылық іс-шараға 200 адамға дейін, соған байланысты өткізілетін палау рәсіміне 250 адамға дейін қатыса алады. Қос тойларда негізгі жиынға 250, ал палау рәсіміне 300 адамға дейін шақыруға рұқсат етіледі. Сонымен бірге ұлттық әдепке қайшы, артық уақыт пен шығынды қажет ететін бірқатар қосымша рәсім мен шоуға шектеу қойылған. 

Тәртіпті бұзған азаматтарға он базалық есептік мөлшер көлемінде, ал тойхана, кафе немесе мейрамхананың жауапты қызметкерлеріне отыз базалық есептік мөлшер көлемінде айыппұл салу қарастырылған.  

2025 жылғы 16 қыркүйекте Өзбекстан Үкіметі №589 қаулы қабылдап, 2026–2030 жылдарды «Азық-түлік қауіпсіздігінің өзекті кезеңі» деп жариялады. Осы аралықта той, отбасылық салтанат, ас және басқа рәсімдердің белгіленген тәртіппен өткізілуіне бақылау күшейтіледі.

Қаулыда тағам ысырабының алдын алу, қоғамдық тамақтану орындарындағы азық-түлік қалдығын қайта өңдеу және халыққа ұтымды тұтыну қағидаларын түсіндіру көзделген.  

Тәжікстанның тәжірибесі қандай?

Сапарбай Жұбаев Тәжікстандағы тәжірибені де зерттеу қажет деп есептейді.

Бұл елде 2024 жылғы 20 маусымда салтанаттар мен рәсімдерді реттеу туралы жаңартылған заң қабылданды. Қолданыстағы құжат бойынша үйлену тойын екі күннен және екі шарадан асырмай өткізуге болады. Негізгі банкетке 150 адамға дейін, тойға байланысты дастарқанға 200 адамға дейін шақыруға рұқсат етіледі.

Той мен басқа рәсімдердің ұзақтығы үш сағаттан аспауға тиіс. Әнші, музыкант және мейрамхана қызметі жазбаша келісімшарт негізінде көрсетіледі. 

Заң мемлекеттік қызметшілерге де қатаң талап қояды. Жоғары лауазымды тұлға немесе мемлекеттік қызметші өзі не балалары заң талаптарын бұзса, қызметінен босатылуы мүмкін. 

Бұл тәсіл Сапарбай Жұбаев айтқан «ең алдымен билік пен элита үлгі көрсетуі керек» деген ұсыныспен үндеседі.

Тойға несие беруге тыйым салу керек пе?

Экономист той өткізу үшін ірі көлемде тұтынушылық несие беруді шектеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынады.

Оның пікірінше, адам тойдан кейін бірнеше жыл қарыз төлейтін болса, бір күндік салтанат жас отбасының ұзақ мерзімді қаржылық жағдайына кері әсер етеді.

Дегенмен «тойға арналған несиеге» жеке тыйым салу іс жүзінде күрделі болуы мүмкін. Кепілсіз тұтынушылық несие алған адам банкке қаржыны нақты не үшін жұмсайтынын әрдайым көрсетпейді. Мұндай шектеу азаматтарды туыстарынан немесе бейресми несие берушілерден қарыз алуға итермелеуі де ықтимал.

Қазақстанда банктер қарыз алушының борыш жүктемесін бағалайды. Қолданыстағы талап бойынша кредиттерге арналған жиынтық ай сайынғы төлем адамның табысының 50%-ынан аспауға тиіс. 2026 жылға арналған мемлекеттік бағдарламада бұл талапты одан әрі күшейту мүмкіндігі де қарастырылған.  

Сондықтан той несиесіне жеке тыйым салудан гөрі, төлем қабілеті төмен азаматтарға ірі тұтынушылық кредит бермеу, қарыздың толық құны мен артық төлемін анық көрсету және несие рәсімдеу алдындағы қаржылық ескертуді күшейту тиімдірек болуы мүмкін.

Қазақстанға қандай тәртіп қажет?

Қазақстанға Өзбекстандағыдай барлық тойға бірдей 200 адамдық шек енгізу міндетті емес. Мұндай талап мемлекеттің отбасының жеке өміріне шамадан тыс араласуына және қонақ санын тексеретін жаңа әкімшілік бақылауға әкелуі мүмкін.

Оның үстіне қаладағы шағын отбасы мен ауылдағы үлкен әулеттің жағдайын бір өлшеммен бағалау әділетсіз.

Сондықтан Қазақстанда тойдың мазмұнын емес, той индустриясының қызметін реттеу тиімдірек.

Біріншіден, асабалар мен тойхана иелеріне арналған ұлттық әдеп стандарты қажет. Онда қорлау, мәжбүрлеу, рұқсатсыз денеге қол тигізу, балаларды бейәдеп ойындарға араластыру және келісімсіз видео жариялау секілді әрекеттерге нақты баға берілуі керек.

Екіншіден, тойхана, асаба және тапсырыс беруші арасында міндетті жазбаша келісімшарт жасалғаны жөн. Қызмет бағасы, мәзір, жұмыс уақыты, қосымша төлем, музыканың дыбыс деңгейі және ақшаны қайтару шарттары алдын ала көрсетілуі қажет.

Үшіншіден, шу, өрт қауіпсіздігі, санитарлық жағдай және ғимараттың адам сыйымдылығы бойынша қолданыстағы талаптар нақты орындалуға тиіс.

Төртіншіден, тұтынушылық несие алатын адамға ай сайынғы төлеммен қатар, барлық артық төлем, қарызды өтеу мерзімі және оның отбасы бюджетіне түсіретін салмағы анық көрсетілуі керек.

Бесіншіден, тойханаларда артылған сапалы тағамды қауіпсіз түрде қайырымдылық ұйымдарына беру немесе қайта өңдеу тетігін дамыту қажет.

Қазақтың тойы тоқтамауы керек

Сапарбай Жұбаев тойларды толық шектеу мүмкін емес және оның қажеті де жоқ деп есептейді.

«Қазақтың тойы болғаны дұрыс. Бірақ оны адамның жағдайына сай, қарапайым өткізу мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Егер билік, элита, кәсіпкерлер мен ауқатты адамдар бір-бірімен жарысып, даңғазалықты жалғастыра берсе, қоғамда ешқандай өзгеріс болмайды», – дейді ол.

Экономистің пікірінше, халыққа «шамаңа қарай той жаса» деп айтумен ғана мәселе шешілмейді. Қоғам алдында жүрген адамдар өздері қарапайымдықтың үлгісін көрсетуге тиіс.