Той кортежіне айыппұл салынып, заңсыз “стробоскоп” тәркіленді

Түркістан облысында полицейлер жол ережесін бұзған той кортежін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Түркістан облысында “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Ордабасы ауданы трассаларының бірінде полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған той кортежін анықтады. 

Жедел әрекет ету нәтижесінде тәртіп сақшылары құқық бұзушылардың жеке тұлғаларын анықтап, жауапкершілікке тартты.

Toyota Land Cruiser, JAC, ВАЗ-2115 және ВАЗ-21099 маркалы көліктердің жүргізушілеріне жол-көлік оқиғасына әсер етуі мүмкін қауіпті жағдай туғызғаны, жол белгілерінің талаптарын орындамағаны және өзге көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасағаны үшін шаралар қолданылды. Сондай-ақ құқық бұзушылардан “стробоскоп” құрылғысы тәркіленді. Оларға көлік құралдарына арнайы жарық және (немесе) дыбыс белгі беру құрылғыларын заңсыз орнату, сондай-ақ жедел және қызметтік автокөліктерге арналған түрлі түсті жарқылдауық құрылғысын заңсыз қолдану бойынша әкімшілік шаралар қабылданды. Көліктер арнайы айыптұраққа қойылды, - деп хабарлады Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы