9 Тамыз 2026, 22:23 Фото: Polisia.kz

Той кортежіндегі заңбұзушылық: Жезқазғанда 6 адам жауапқа тартылды

Сонымен қатар екі көлік арнайы айыптұраққа қойылды.

Жезқазғанда жол қозғалысы ережесін бұзған той кортежі анықталды. Оқиға 8 тамызда Сарыарқа көшесінде болған, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел басқару орталығының инспекторлары бейнебақылау камералары арқылы автоколоннаның бірқатар заңбұзушылығын тіркеген.

Тексеру барысында жолаушылардың көлік терезесінен денесін шығарғаны, жүргізу құқығы жоқ адамға көлік басқаруға берілгені және қарсы бағыттағы жол жолағына шыққаны анықталды.

Құқық бұзушылықтарға байланысты 6 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар екі көлік арнайы айыптұраққа қойылды.

Полиция жүргізушілер мен жолаушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, өзге азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырды.