Төтенше жағдайлар министрлігі қатарына 148 жас офицер қосылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылғы 10 маусымда Көкшетау қаласында Тәуелсіздік алаңында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің қатарына 148 жас офицер қосылды, оның ішінде 6 лейтенант Қырғыз Республикасы үшін дайындалды.
Бұл туралы ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының баспасөз қызметі хабарлады.
Шараға Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, соның ішінде Владимир Божко, Мухамбет Копеев, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері және басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Осы шара алдымен Төтенше жағдайлар министрінің академияның оқу-материалдық базасымен, оқу-жаттығу полигонымен таныстырудан басталды.
Салтанатты жиынды ашық деп жариялаған Академия бастығы, полковник Сырым Шәріпханов өзінің алғы сөзінде былғы бітіру кеші оқу орнының 25 жылдығымен, сондай-ақ Қазақстанның Қарулы Күштерінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келетіндігін атап өтті.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жас лейтенанттарды Академияны сәтті аяқтауларымен, бірінші офицерлік шеннің берілуімен құттықтап, табандылық пен батылдық танытып, Отан қорғаушы азаматқа лайықты болуға тілек білдірді.
Әрі қарай диплом тапсыру рәсімі өтті. Биыл алғаш рет ішкі қызмет полковнигі Н.А.Ақпаровтың 100 000 теңге көлемінде атаулы шәкіртақысы тағайындалды. Мұндай мүмкіндік азаматтық қорғау лейтенанты Жандос Қайырдосовқа бұйырды.
Салтанатты кештегі дәстүрлі шараның бірі – оқу орнының Жауынгерлік Туымен қоштасу. Бұл міндет 2022 жылғы түлектер атынан 4 жыл бойына курс старшинасының көмекшісі қызметін лайықты атқарған, Академия өміріне белсене араласқан, қатарластарына үлгі бола білген азаматтық қорғау лейтенанты Исмағзанов Ерлікке тапсырылды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша түлектер офицерлік вальс билеп, соңғы рет жеке құраммен бірге салтанатты маршпен жүріп өтті.
Барлық түлектер Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелеріне қызметке орналастырылды. Сондай-ақ халықаралық келісімдерге сәйкес Академия жетінші жыл қатарынан Қырғызстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі үшін мамандарды дайындауда.
25 жыл ішінде оқу орны бүгінге дейін 5 000-нан астам маман даярлап шығарды. Азаматтық қорғ,ау органдарының 5099 қызметкері кәсіби біліктілігін арттырып, 974 адам қайта даярлау курсынан өтті.
Бұдан бөлек, Академия өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайларды қорғау және азаматтық қорғау салаларында ғылыми-зерттеу қызметімен айналысатын болашақ ғалымдарды, сондай-ақ бірқатар спорт түрлері бойынша лайықты спортшыларды тәрбиелейді.