Төтенше жағдайлар министрі өртке оранған пәтерден бала құтқарған жігітті марапаттады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ақылбек Қыпшақбаевқа көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айтты.
Сіз біздің заманымыздың нағыз ержүрек батырысыз. Сіздің ерлігіңіз құрметке лайық. Өйткені, әркім өз өмірін қатерге тігіп, өзге адамның өмірін сақтап қала алмайды, - деп атап өтті Юрий Ильин.Ақылбектің сөзінше, ол өзін батыр санамайды. Менің орнымда кез келген адам осындай қадамға барар еді дейді ол.
Өрт 23 сәуірде күндіз сағат екілердің шамасында Петров көшесі, 5-үйде тіркелген. Бала үйде жалғыз болған.
Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін баланың айғайлап, көмек сұрап жылағанын естіген Ақылбек баланы құтқаруға кіріскен.
Үйдің 5-қабатына жылдам көтеріліп, ашуға мүмкін болмаған темір есіктің әр жағында баланың жылап жатқанын естиді. Ақылбек ойланбастан 4-қабатқа түсіп, көршілерінен терезеге өтуді өтінген. Терезеден шығып, баламен сөйлесе бастайды. «Өрт сөндірушілерді күте аласың ба»деп сұраған, ол күте алмайтынын және түтіннен тұншыға бастағандығын айтқан. Сонымен, Ақылбек баланы қолына секіруге көндіреді. Бала терезеден секіріп, Ақылбек оны ұстап алған.
Мен өзім туралы мүлдем ойламадым, тек баланы құтқаруды ойладым, - дейді кейіпкер.
Ақылбек Қыпшақбаев, 1987 жылғы Шымкент қаласының тумасы, үйленген, төрт бала тәрбиелеп отыр.
Юрий Ильин Ақылбек Қыпшақбаевқа «Өрттегі ерлігі үшін» төсбелгісін табыстап, отбасына бақыт пен амандық тіледі.