Төтенше жағдайға қарсы тұрудың тиімді қаржылық тетігін құру қажет – Президент

Мемлекет басшысы өтімділік қор нарығын дамытудың негізгі көрсеткішінің бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Президент «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) басқару жөніндегі кеңес отырысында айтты.

Оны, ең алдымен, институционалдық инвесторлар қамтамасыз етеді. Қазір азаматтардың зейнетақы жинағының 50 пайызына дейінгі бөлігін жеке инвестициялық басқарушыларға беру бойынша жұмыс басталды. Осы орайда зейнетақы активтері мен АХҚО-дағы қаржы институттарына шетелдік инвестициялық басқарушы компаниялардың қол жеткізуіне мүмкіндік беру жайын ойластыру қажет. 

Бұл ретте Мемлекет басшысы Ұлттық банкке Үкіметпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, АХҚО-мен бірге компанияларды Орталықта локализациялау бойынша талаптарды күшейту мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды. 

Президент шетел нарығында бір мезгілде орналастырылған жағдайда жергілікті қор нарығындағы бағалы қағаздардың үлесі мен көлемінің шегін біртіндеп ұлғайтуды басым міндеттің бірі ретінде атады. Сонымен қатар жеке қазақстандық компанияларды ашық алаңға шығаруды ынталандырудың маңыздылығына назар аударды. Бұл олардың қызметінің жариялылығы мен тиімділігін растайды. 
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, келесі басымдық – бекітілген «ойын ережесін» қатаң сақтау

Конституциялық заң кепілдік берген АХҚО-дағы салық режимі Орталықты дамыту стратегиясының маңызды бөлігі саналады. Ол жаһан инвесторлары үшін Қазақстаннның тартымдылығын арттыруда негізгі рөл атқарады. Бұл біздің тұрақты ұстанымымыз, одан бас тартпаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, Қазақстанда көміртек нарығын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазір Еуропа Одағы елдері көміртек механизмдерін шекарада реттеуді енгізуге дайындалып жатыр. Бұл отандық өнімдерді Еуропаға экспорттауға едәуір кедергі келтіруі мүмкін. 

Мемлекет басшысы төтенше жағдайға қарсы тұрудың тиімді қаржылық тетігін құру қажет екеніне тоқталды. Түрлі мемлекеттік сақтандыру қорлары табиғи апаттардың салдарымен күресуге қолдау көрсетуі керек. Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп, Орталық юрисдикциясында осы мақсаттағы қор құру мәселесін жан-жақты зерттеуі керек. Қасым-Жомарт Тоқаев отырысты қорытындылай келе АХҚО-ның былтыр атқарған қызметінің жылдық есебін бекітті.

Іс-шарада АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров, Solidcore Resources plc компаниясының бас атқарушы директоры Виталий Несис, Amicorp Fund Services компаниясының бас операциялық директоры Робин Хёкян, АХҚО Сотының төрағасы лорд Ян Бернетт, АХҚО қаржы қызметтерін реттеу комитеті директорлар кеңесінің төрағасы Анжела Найт, АХҚО Биржалар директорлар кеңесінің төрағасы Тимоти Беннетт сөз сөйледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы