Үкімет кез келген төтенше жағдайға дайын болу керек – Дүниежүзілік банк өкілі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 1990 жылдан бері Орталық Азияда табиғи апаттан 10 млн-нан астам адам зардап шеккен, мұның экономикаға тигізген зардабы шамамен 2,5 млрд доллар. Бұл жайында Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун Алматыда өтіп жатқан форум кезінде айтты.

Оның айтуынша, қазір климаттық өзгерістерге байланысты әлем бойынша апатты жағдайлар көбеюде. Су тасқыны, жер сілкіністерінің артында адам шығындары мен экономикалық шығындар жатыр.

«Орта Азия мемлекеттері ел бюджетіне зиян әкелетін бұл қауіпті түсінеді, ол қаржылық қорғауды қамтамасыз ету жодары мен құралдарына деген қызығушылықтан көрініп тұр. Осы форумда біз қаржылық ауыртпалықты төмендету және табиғи апаттан соң тұрғындардың өмір сүруіне қажет қаражатты жедел қалпына келтіру жолдарын зерттеудеміз», - дейді ол.

Сонымен қатар, ол апатты жағдай болғанда Орталық Азия елдері оның салдарын жоюға әсер ете алуы қажеттігін және оның алдын алу үшін арнайы шаралар, құралдар қолданылып отырғанын айтып өтті.

«Табиғи апаттар әрқашан қаржылық ауыртпалықты талап етеді. Оның үстіне адамдардың өміріне қатер төндіреді. Егіс алқаптарының қирауы да экономикалық шығындарға әкеледі. Сондықтан Үкімет кез-келген төтенше жағдайға алдын ала дайын болуы маңызды. Егер дайын болмаса, оның салдары шегінен шығып, төтенше жағдай ұзаққа созылады. Сол үшін төтенше жағдайлар комитеті, министрліктер мен институттарды жинап, апатты жағдайлардың шын мәнінде қаншалықты жойқын болатынын талқылап, елге көмегі тиетін экономикалық шараларды қолға алуы керек», - дейді Ато Браун. 

Жиын барысында тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік мамандардың табиғи апаттың алдын алу мен оның салдарын жоюда қандай әдіс-тәсілдерді қолданатыны баяндалды.

Әділет Мұсахаев

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы