Төтенше жағдай жариялануы тиіс. Сенатор Атыраулықтардың проблемасын айтты
Сенатор Әлібек Нәутиев өзінің депутаттық сауалында Атырау облысы тұрғындарының проблемалары туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Парламентші бұл мәселелердің бәрі өңірге сапар барысында айтылғанын және ол атыраулықтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Проблемалардың бірі – облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне қатысты болды. Тұрғындар ірі қара малын өсірумен айналысатын фермерлерді субсидиямен қамтамасыз ету жағдайының нашарлауына байланысты сын айтты.
Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан 2024 жылға ірі қараға бөлінетін субсидия қысқартылып отыр. Яғни, ол тек ерекше жағдайларда ғана бөлінеді. Ол үшін – төтенше жағдай жариялануы тиіс. Өзіңізге белгілі, төтенше жағдай жариялау талаптары жауапкершілікті талап етеді және ондай жағдай жылда туындамауы мүмкін. Осыған орай, табиғаты шөлейт, жері сортаң, шабындық жері жоқ, тек жайылымдық жерлерден тұратын Атырау, Маңғыстау облыстары үшін бұл субсидияның қажеттілігі аса жоғары. Ата кәсіп мал шаруашылығы, аймақ тұрғындары үшін өзін-өзі жұмыспен қамту және аймақ үшін азық-түлік белдеуін жасақтауға аса маңызды. Сол себепті аталған мақсаттағы субсидияның төлену жолдарын басқаша шешу сұралады, - деп атап өтті сенатор.
Әлібек Нәутиев депутаттық сауалында атыраулықтар көтерген мәселелер бойынша кәсіпкерлердің Қазақстан-Ресей шекарасынан өту кезінде кездесетін қиындықтарын, жер пайдаланушыларға салық салу тетіктері және мұғалімдердің ғана емес, мектеп директорларының да жалақысын көтеруге қатысты мәселелерді атап өтті.