"Төте жазуды 3 күнде үйреттім": Маман Алашорда заңдарын бүгінгі заңмен салыстырды
Maqsut Narikbayev University ассистент-профессоры, заңгер Алмас Жұмағали Алашорда заңгерлері жазған Қылмыс заңдарын төте жазудан аударуға студенттерін жұмылдырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақ тіліндегі ресми заңнама мәтіндерін Алашорда қайраткерлері 1922 жылдан қолға алды. Осы үрдіс олар қудаланып кеткен 30-жылдардан үзіліп қалды. Бірақ Алмас Жұмағалидың айтуынша, алашордалықтар жазған кодекс 1959 жылы қабылданған Қазақ ССР Қылмыстық кодексінің мәтінінен де, қазір қолданыстағы Қылмыстық және Қылмыстық процестік кодекс мәтінінен де озық.
Алашорда заңгерлері Сейдәзім Кәдірбайұлының Қазақ АСР-ының, Жаһанша Досмұхамедұлының Түркістан АСР-ының тапсырысымен ресми жарияланған Қылмыс заңдарын төте жазудан өзім аударайын деп шештім. Бір аптаның ішінде 25 бет өтті ме, өтпеді ме?! Өнбейтін жұмыс екен. Сосын студенттерге “3 күннің ішінде төте жазу үйретем” дедім. Сөйтіп студенттер 3 күннен кейін 1 бетке көшті. Аудара бастады, - деді ол.
Алмас Жұмағали басында 20 студент тіркелгенін, 3 күннен кейін 15 адам, ал 15 күннен кейін 12 студент қалғанын айтты.
Осы кісілер 5 кодексті аударып шықты. Студенттердің энергиясы бар, бірақ көп нәрсе білмеуі мүмкін. Біз бірнәрсе білеміз, бірақ энергиямыз аз. Сондықтан оларға “үйренгендерің өздеріңе жақсы, істегендерің маған емес, халыққа жақсы” деп айттым, - деді заңгер.
Алмас Жұмағали “Қылмыс заңдарының эволюциясы: 1922 жылғы қылмыс заңы” атты еңбегі арқылы Алашорда заңгерлері жазған Қылмыс заңдарын бүгінгі Қылмыстық кодекс мәтінімен салыстырып, бірқатар терминологиялық, стилистикалық қателерді тізіп берді.
Заңгер монография бүгінде үш мәселе бойынша пайдалы болатынын айтты. Олар: терминдер мен терминжасам, заң мәтіндерінің стилистикасы, қылмыстық құқық институттарының заңнамада көрініс табуы мен дамуы.
Бұл еңбек 1924 жылдың 12 маусымында Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінің 100 жылдығына арналады. Өйткені ол кезінде өте мықты съез болған. Оған көп адам мән бермей жүр. Бірақ шын мәнінде 6 мәселе қарастырылған. Соның үшеуі біздің тіл мен ғылымға байланысты. Содан кейін Maqsut Narikbayev University 30 жылдығына арналды, - деді ол.
Айта кетейік, MNU университетінің MIND орталығында өткен дөңгелек үстелде қазіргі заң тілінің проблемалары, құқық терминологиясының бірізділігі және заң шығармашылығын мемлекеттік тілге көшіру мәселелері қарастырылды.