13 Шілде 2026, 17:55 Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Төрт жылда көші-қон заңын бұзған 100 мыңнан астам шетелдік елден шығарылды – ҰҚК басшысы

Қару-жарақ, оқ-дәрі және есірткі тасымалдаудың 20 мыңға жуық фактісі, әртүрлі тауарлар контрабандасының 37 000-ға жуық жағдайы анықталды

Кейінгі төрт жылда көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 100 мыңнан астам адам Қазақстан аумағынан шығарылды. Бұл туралы ҰҚК Төрағасы, Ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты Ермек Сағымбаев Kazinform агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кейінгі 4 жылда шекарашылар шекара режимін және аумақтық суларды бұзған 6 мыңнан астам құқық бұзушыны ұстағанын айта аламын. 2 500-ге жуық қылмыстық іс қозғалды, заңнаманы бұзғаны үшін 100 мыңнан астам адам елден шығарылды, қару-жарақ, оқ-дәрі және есірткі тасымалдаудың 20 мыңға жуық фактісі, әртүрлі тауарлар контрабандасының 37 000-ға жуық жағдайы анықталды, – деді ҰҚК Төрағасы, Ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты Ермек Сағымбаев.

Бұдан басқа, биоресурстарды қорғау жөніндегі қызмет аясында шекараның теңіз және өзен учаскелерінде 900-ден астам браконьерлік жағдайдың жолы кесілді.

Жалпы, қабылдаған шаралармен мемлекетке 200 млрд теңгеден астам сомаға нұқсан келтірудің алды алынды. Көпшілік адамдар үшін шекара – бұл өткізу пункті, ал шекарашы үшін – бұл күрделі климаттық жағдайларда және үйреншікті жайлылықтан жырақтағы күнделікті қызмет. Дәл сол жерде, шалғайдағы заставаларда тыныштық пен тұрақтылықтың құнын ерекше түсінесің. Қазақстанның Мемлекеттік шекарасы сенімді қорғауда деп сеніммен айтуға болады, – деді ҰҚК басшысы.

Сондай-ақ оның айтуынша, Қазақстанда 106-дан астам есірткі зертханасы әшкереленіп, синтетикалық есірткіге қатысты қылмыстар бойынша 700-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Синтетикалық есірткінің таралуы ерекше алаңдаушылық тудырады. Аталған кезеңде 106-дан астам есірткі зертханасы анықталды. Ең ауқымды өндірістер Алматы қаласында, Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында тіркелді. Заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам синтетика, оның ішінде мефедрон, метамфетамин және өзге де психотроптық заттар, сондай-ақ оларды өндіруге арналған 115 тонна прекурсор тәркіленді, – деді ол.

Жалпы, қылмыстың осы түрлері бойынша 700-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Өкінішке орай, көптеген жастар қылмыстық қудалауға ілігуде. Бұл ретте құзыретті органдардың міндеті – тек қылмыстың жолын кесу ғана емес, сонымен бірге жастардың бұрыс жолға түсуінің алдын алу және оған жол бермеу, – деді Ермек Сағымбаев.