Төрт мыңға жуық оқушы ҰБТ тапсырады
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Ертіс өңірінде төрт мыңға жуық оқушы ҰБТ тапсырады. Қазіргі уақытта сынақ тапсыру басталды.
ҰБТ ұйымдастыру және өткізу жөніндегі өңірлік мемлекеттік комиссияның мүшесі Сәуле Ксембаеваның хабарлауынша, ұлттық сынақ 15 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеді.
Осы күнге дейін тестілеуге 600-ден астам оқушы қатысты. Өту ұпайын жинай алмаған жеткіншектерге емтиханды тамыз айында тапсыруға мүмкіндік беріледі. Бірақ, нәтиже бойынша балалар жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне ғана түсе алады. Тестілеуге тексеру 10 күн бұрын аяқталды. Сынақ барысында барлық талаптар сақталады. Оқушыларға бұрынғыдай ұялы телефон немесе шпаргалка кіргізуге болмайды. Мүгедектігі бар жасөспірімдер үшін емтиханға қосымша 10 минут қосылады. Қажет болса, балаларға тапсырмаларды оқу немесе белгілеу бойынша мамандар көмектесе алады, - дейді Сәуле Ксембаева.
Еске салсақ, ҰБТ кезіндегі ең үлкен ұпай саны – 140. Түлектер Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығы бойынша міндетті түрде сынақ тапсырады. Сонымен қатар, таңдалған мамандыққа орай пәндер таңдалады. Бүгінде оқушылардың көбі физика, химия, математика және биология пәндерін таңдайды.
Айта кетейік, түлектердің 84,5%-ы, яғни, 3647 бала ҰБТ тапсыруға өтініш білдірді. Қалғандары бас тартты.